Қоғам

Алматыда аялдамада тұрған зейнеткерді аяусыз ұрып-соққан ер адам сотталды

Алматыда егде жастағы әйелге себепсіз шабуыл жасап, оны ұрып-соққан 26 жастағы ер адам бір жылға бас бостандығынан айырылды.

Фото: әлеуметтік желіден

Оқиға биыл сәуір айында болған. Ер адам көшеде қарт әйелге бірнеше рет соққы жасап, кейін оқиға орнынан қашып кеткен. Кейін әлеуметтік желіде оның басқа бір әйелдің соңынан еріп бара жатқан сәті түсірілген видео тарады. Алайда маңайда адамдардың жүргенін байқаған ол әйелді қудалауын тоқтатқан.

Полиция күдіктіні анықтап, ұстады. Тергеу барысында оның бұған дейін де сотталғаны белгілі болды. 2020 жылы жанжал кезінде ол бір адамды өлімге әкелетін жарақаттап, тағы бір адамға ауыр зиян келтірген. Сол кезде сот ер адамның қажетті қорғаныс шегінен асқанын анықтап, оны екі жылға бас бостандығынан айырған.

Бұл жолы сотталушы өз кінәсін мойындады. Ол бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылды.

Сот оған барынша жоғары қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде бір жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар сотталған азаматтан жәбірленушінің пайдасына емделу шығындары, заң көмегі және моральдық зиян үшін 1,5 млн теңге өндірілді.

Сайт Әкімшілігі