Алматыда бизнесті дамытуға қандай мүмкіндік бар?
Ел экономикасының тірегі саналатын шағын және орта бизнес тұрақты өсім мен жұмыспен қамтудың маңызды көзіне айналып отыр.
Мемлекет кәсіпкерлікті дамыту, халықтың табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Ел президентінің тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін арттыру, кәсіп ашқысы келетін азаматтарға қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Осы орайда Алматы қаласында кәсіпкерлікті қолдау жүйесі ерекше қарқын алғанын айта кеткен жөн. Елдің ірі қаржы және бизнес орталығы саналатын мегаполисте кәсіпкерлер үшін мемлекеттік бағдарламалар көптеп іске асырылып, жеңілдетілген қаржыландыру, кепілдік беру және әлеуметтік бизнеске қолдау тетіктері ұсынылады.
Кейінгі жылдары Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарламалар көбейді. Өйткені шағын және орта бизнес салық түсімін арттырумен қатар, халықты жұмыспен қамтып, өңірлік экономиканың дамуына серпін береді. Сондықтан мемлекет кәсіпкерлерге қаржылық қолжетімділікті арттыру, әкімшілік кедергілерді азайту және жаңа жобалардың жүзеге асуына жағдай жасауға басымдық беріп отыр.
Алматы қаласында бұл жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Қаланың Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған кешенді қолдау шараларын жүргізіп жатыр. Басты мақсат – бизнес жүргізуді жеңілдетіп, қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру және іскерлік белсенділікті күшейту.
Қазір мегаполисте кәсіпкерлер үшін бірнеше тиімді мемлекеттік бағдарлама бар. Соларды таныстыра кетейік.
«Jana Business». Кәсіп бастауға ниетті азаматтар үшін ең маңызды мәселе бастапқы капитал екені белгілі. Көп жағдайда жақсы идеясы бар адамдар қаржы тапшылығынан жобасын жүзеге асыра алмай жатады. «Jana Business» – осындай түйткілді шешуге бағытталған бағдарламалардың бірі.
Бұл бағдарлама жаңадан бастаған әрі жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерді қолдауға арналған. Оның аясында бизнес жобалар жеңілдетілген талаптармен қаржыландырылады. Бағдарлама бойынша кәсіпкерлер 500 млн теңгеге дейін қаржы алып, бизнесін дамытуға мүмкіндік алады. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 12,6 пайыз.
Мұндай мүмкіндік әсіресе өндіріс, қызмет көрсету, сауда, өңдеу салаларындағы жобалар үшін тиімді. Себебі нарықтағы коммерциялық несиемен салыстырғанда мұндағы талаптар әлдеқайда қолжетімді.
«Өрлеу 2026». Экономиканы әртараптандыру үшін шағын кәсіп қана емес, ауқымды өндірістік жобалардың да маңызы зор. «Өрлеу 2026» – осы бағытта қолға алынған бағдарламалардың бірі. Бұл жоба шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қаржыландыруға қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бағдарлама арқылы кәсіпкерлер 7 млрд теңгеге дейін несие рәсімдей алады. Мұндағы сыйақы мөлшерлемесі де – 12,6 пайыз.
Мұндай қолдау өндіріс көлемін кеңейтуді, жаңа кәсіпорындар ашуды немесе ірі инвестициялық жобаларды іске асыруды көздейтін кәсіпкерлер үшін аса маңызды. Сарапшылардың айтуынша, жеңілдетілген қаржыландыру өндіріс саласына инвестиция тартуға және импортқа тәуелділікті азайтуға ықпал етеді.
«Іскер Аймақ». Алматы әкімдігі кәсіпкерлікті қала орталығында ғана емес, өңірлік деңгейде дамыту мәселесіне де назар аударып отыр. Осы мақсатта «Іскер Аймақ» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Ол – басым жобаларды қаржыландыруға арналған өңірлік қолдау тетігі. Бағдарлама аясында кәсіпкерлер 200 млн теңгеге дейін несие ала алады. Сыйақы мөлшерлемесі – 12,6 пайыз, ал субсидиялау мерзімі 3 жылға дейін.
Мұндай қолдау жергілікті өндіріс орындарын дамытуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ кәсіпкерлердің банктен несие алу мүмкіндігін арттыратын тағы бір тетік бар. Кейде бизнес жобасы тиімді болғанымен, кәсіпкер кепіл мүлкінің жетіспеуінен несие рәсімдей алмай жатады. Бұл мәселені шешу үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ кепілдік беру құралдарын ұсынады. Яғни кәсіпкердің кепілзаты жетіспеген жағдайда қор банк алдындағы міндеттеменің белгілі бір бөлігіне кепіл болады. Бұл әсіресе шағын бизнес өкілдері үшін маңызды мүмкіндік. Қазір құны 7 млрд теңгеге дейінгі және одан асатын жобаларға да кепілдік беру тетіктері қарастырылған.
Кейінгі жылдары әлеуметтік кәсіпкерлік ұғымы кеңінен дамып келеді. Бұл табыс табуды ғана емес, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуді мақсат ететін кәсіп түрі. Алматыда әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізімін қалыптастыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл тізімге енген кәсіпкерлер мемлекет тарапынан қосымша қолдауға ие болады.
Мысалы, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыратын кәсіпкер 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік грант алуға үміткер бола алады. Сондай-ақ олар бизнесті дамытуға арналған өзге де жеңілдіктерді пайдалану мүмкіндігіне ие. Әлеуметтік осал топтарды қолдау, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қызмет көрсету, білім беру, денсаулық сақтау немесе әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобалармен айналысатын шағын және орта бизнес субъектілері осы тізімге өтінім бере алады.
Алматы еліміздегі ең ірі кәсіпкерлік орталық екені белгілі. Сондықтан мұнда бизнесті дамыту кәсіпкерлер үшін ғана емес, тұтас қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы жаңа өндірістер ашылып, жұмыс орындары көбейеді, қызмет көрсету сапасы артады, қазынаға түсетін салық көбейеді. Бұл өз кезегінде қаланың инфрақұрылымын дамытуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді.
Қазір Алматыда кәсіп бастауға немесе жұмысын кеңейтуге ниетті азаматтар үшін мүмкіндік аз емес. Мемлекет пен қала әкімдігі ұсынған бағдарламаларды пайдаланып, бизнесті жаңа деңгейге көтеруге болады.
Қуан Өмірхан
Алматы қаласы