Әлеумет

Алматыда бір күнде екі жаяу жүргінші жол апатынан қаза тапты

Алматыда бір күннің ішінде екі жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан екі жаяу жүргінші көз жұмды.

Фото: Алматы ПД

Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Бүгін Алматыда бір күннің ішінде екі жол-көлік оқиғасы жаяу жүргіншілердің өмірін қиды. Әрбір осындай қайғылы жағдайдың артында орны толмас өкінішке әкелген бірнеше секундтық бейқамдық жатыр. Жаяу жүргіншілер де жүргізушілер сияқты жол қозғалысының толыққанды қатысушылары. Алайда олардың көпшілігі әлі де өз өміріне қауіп төндіріп, жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтеді, қауіпсіздігіне көз жеткізбей жолдың жүру бөлігіне шығады немесе бағдаршамның тыйым салатын белгісін елемейді», – делінген хабарламада.

Жыл басынан бері Алматыда жаяу жүргіншілердің қатысуымен 24 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 23 адам жарақат алып, екі адам қаза тапқан.

Полиция мәліметінше, аталған жол апаттарының едәуір бөлігі жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін бұзуынан болған.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: жол апаты