Алматыда «Эколог сағаты» акциясы өтті
Қоршаған ортаны қорғау – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Кейінгі жылдары Алматы қаласында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бастамалар саны артып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін күшейтіп, қалдықтарды тиімді басқару мен қайта өңдеу мәдениетін дамытуға ықпал етіп отыр.
Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында Алматыда бірқатар маңызды экологиялық шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі – қаладағы алғашқы ЭкоХаб алаңында өткен «Эколог сағаты» акциясы. Іс-шараның басты мақсаты тұрғындар арасында экологиялық сауаттылықты арттырып, жауапты тұтыну қағидаттарын кеңінен насихаттау болды.
Акцияға қала тұрғындары, студент жастар, түрлі ұйымдардың өкілдері мен экологиялық белсенділер қатысты. Қатысушылар қалдықтарды бөлек жинау бойынша тәжірибелік сабақтарға қатысып, мамандардан кеңес алды. Мамандар полиэтилен пакеттердің орнына қайта пайдаланылатын шопперлерді қолдану, бірреттік ыдыстардан бас тартып, термос пен көп рет қолданылатын бөтелкелерді пайдалану сияқты қарапайым әрекеттердің табиғатты қорғауға қосар үлесі зор екенін айтты.
Шара барысында ЭкоХаб мамандары қайта өңделген материалдардан дайындалған түрлі бұйымдарды көпшілік назарына ұсынды. Көрмеде жиһаз элементтері мен интерьер заттары таныстырылып, тұрмыстық қалдықтардың да пайдалы өнімге айнала алатыны көрсетілді. Сондай-ақ тұрғындар мен ұйымдар қайта өңдеуге жарамды қалдықтарын өткізіп, экологиялық бастамаларды қолдауға дайын екенін байқатты.
Eco Network компаниясының операциялық директоры Хамза Сафаровтың айтуынша, экологиялық мәдениет ең алдымен білім мен тәжірибе арқылы қалыптасады. «Осындай іс-шаралар тұрғындарға қалдықтарды бөлек жинаудың маңызын тәжірибе жүзінде түсінуге мүмкіндік береді. Адамдар қайта өңдеу процесін көріп, қалдықтардың жаңа өнімге айналатынына көз жеткізеді. Табиғатқа жауапкершілікпен қарау дәл осындай қарапайым қадамдардан басталады», – дейді ол.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бір күннің ішінде ЭкоХаб алаңына мыңға жуық адам келген. Бұл тұрғындардың экология мәселелеріне деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді.
Экологиялық мәдениетті дамыту бағытындағы тағы бір маңызды жоба – Алматы қаласының Бостандық ауданындағы «Оңтүстік» саябағында жүзеге асырылды. Мұнда қайта өңделген пластиктен жасалған орындықтар аллеясы ашылды.
Аллеяны жасау үшін салмағы шамамен 250 келі болатын 120 мыңнан аса пластик қақпақша пайдаланылды. Бұл қақпақшаларды Алматы мектептерінің оқушылары «Мейірімді қақпақша» экологиялық жобасы аясында жинаған. Кейін олар сұрыпталып, қайта өңдеуге жіберіліп, нәтижесінде жаңа аллеяға арналған 11 орындық дайындалды.
Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Серік Әділбаев мұндай жобалардың «Таза Қазақстан» бастамасының нақты көрінісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама қалдықтардың тек қоқыс емес, қайта өңдеу арқылы қоғам игілігіне жарайтын құнды ресурс екенін дәлелдейді.
ECO Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов орындықтар аллеясы көптеген адамның ортақ еңбегінің жемісі екенін айтты. «Бұл орындықтар қалдықтарды бөлек жинаудың нақты нәтиже беретінін көрсетеді. Мыңдаған адам пластик қақпақшаларды жинауға қатысып, нәтижесінде олар қаланың көркін арттыратын пайдалы нысанға айналды. Мұндай жобалар өзге ұйымдар мен тұрғындарды да экологиялық бастамаларға белсенді қатысуға ынталандырады деп сенеміз», – дейді ол.
Аллея аумағына пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды жинауға арналған арнайы тордың орнатылуы да жобаның маңызын арттыра түсті. Студент жастар бұл нысанға күтім жасап, қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін насихаттауға атсалысуға дайын екендіктерін білдірді.
Экология мәселесін шешу мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес екенін түсінген жөн. Табиғатты қорғау ісіне бизнес өкілдері, қоғамдық ұйымдар, білім беру мекемелері мен қарапайым тұрғындардың жұмыла қатысуы керек. Алматыда жүзеге асырылып жатқан осындай жобалар қоғамда экологиялық жауапкершілікті қалыптастырып, тұрақты дамудың берік негізін қалап келеді.
Экологиялық мәдениеттің дамуы қоршаған ортаның тазалығы мен халықтың өмір сапасын арттырудың маңызды кепілі саналады. Сондықтан табиғатты қорғауға бағытталған әрбір бастамаға қоғам болып қолдау көрсету қажет.
Қуан Өмірхан
Алматы қаласы