Оқиғалар

Алматыда экс-полиция генералының үйіне қарулы шабуыл жасалды

19 маусымнан 20 маусымға қараған түні Алматы облысында бұрынғы полиция генералы Жайлаубек Халықұлының үйіне қарулы шабуыл жасалды.

Фото: ашық дереккөз

Жайлаубек Халықұлы 2022 жылы өлі табылған еді.

Алдын ала мәлімет бойынша, түнгі сағат екі шамасында бетперде киген төрт белгісіз ер адам жеке тұрғын үйдің қоршауынан секіріп өтіп, аулаға кірген. Оқиға кезінде үйде Халықұлының 1964 жылы туған жұбайы және оның 2016 және 2018 жылы туған екі немересі болған. Шабуыл жасағандар алдымен күзетшіні залалсыздандырып, оның қолын байлап, аузын скотчпен жапқан. Кейін әйел мен балаларды да байлап тастаған. Осыдан кейін күдіктілер шамамен 3 миллион теңге көлеміндегі қолма-қол ақшаны және алтын бұйымдарды алып кеткен.

Қылмыскерлер оқиға орнынан кеткен соң, балалардың бірі босап шығып, ата-анасына хабарласқан. Артынша оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылды.

Жәбірленушілердің айтуынша, төрт күдіктінің барлығы орыс тілінде акцентпен сөйлеген. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Айта кетейік, Жайлаубек Халықұлы 2009-2016 жылдары Алматы және Ақмола облыстарының ішкі істер департаменттерін басқарған. 2022 жылғы 23 мамырда ол азаматтардың бірінен қылмыстық істі тоқтатуға көмектесемін деген желеумен ақша мен мүлікті алдап иемденді деген күдікпен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тарапынан ұсталған болатын. Ал 2022 жылғы 6 тамызда таңғы сағат жеті шамасында тергеу изоляторының қызметкері Халықұлын камерадан өлі күйінде тапқан.

Сайт Әкімшілігі