Оқиғалар

Алматыда электросамокат мінген ер адам көлікті басып озамын деп қаза тапты

Алматыда электросамокат мінген 54 жастағы ер адам жол апатынан қаза тапты.

Фото: полиция

Алдын ала мәлімет бойынша, ол сағатына шамамен 90 шақырым жылдамдықпен қозғалған.

Оқиғаның сәті бейнебақылау камералары мен жол бойындағы көліктердің бейнетіркегіштеріне түсіп қалған. Оқиға түнгі уақытта болған.

Кадрлардан электросамокат мінген ер адамның жолдың сол жақ шетімен жоғары жылдамдықта келе жатқаны көрінеді. Шығыс айналма автомобиль жолында ол алдында келе жатқан көлікті басып озуға әрекет жасаған. Сол сәтте басқаруды жоғалтып, асфальтқа құлаған.

Соққының қатты болғаны соншалық, ер адамның басындағы қорғаныс дулығасы ұшып кеткен.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы жеткен. Алайда медицина мамандары ер адамның өмірін сақтап қала алмады. Ол алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.

Оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір полицейлер жол апатының барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Бұл – биыл Алматыда электросамокаттың қатысуымен адам өліміне әкелген алғашқы жол-көлік оқиғасы. Жыл басынан бері қалада электросамокаттардың қатысуымен 91 жол апаты тіркеліп, 96 адам зардап шеккен.

Сайт Әкімшілігі