Қоғам

Алматыда электровелосипед мінген курьер жедел жәрдем көлігімен соғысып қаза тапты

Алматыда 1 шілде күні Райымбек даңғылындағы салынып жатқан BRT желісі учаскесінде жедел жәрдем көлігі мен электровелосипедтің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Салдарынан 2004 жылы туған электровелосипед жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды.

Фото: ашық дерекккөз

Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқан азамат курьер болып жұмыс істеген. Соқтығысудан кейін оның электровелосипеді жедел жәрдем көлігінің астында қалған.

Куәгерлердің айтуынша, электровелосипед жүргізушісі арнайы жарық белгілері қосылып тұрған жедел жәрдем көлігіне қарсы бағытқа шығып кеткен. Сонымен қатар оқиға болған жол учаскесінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, уақытша қозғалыс сызбасы қолданылып, жол белгілері мен таңбалары толық жаңартылмаған.

Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасының нақты себептері мен оған қатысушылардың жауапкершілік деңгейін құқық қорғау органдары анықтап жатыр.

Сайт Әкімшілігі