Алматыда ер адам электросамокаттан құлап, қайтыс болды
Алматыда электросамокатпен келе жатқан ер адам жол-көлік оқиғасынан қаза тапты.
Оқиға түнгі уақытта Варламов көшесінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 44 жастағы қала тұрғыны самокат тізгінін басқара алмай, бордюрге соғылып құлаған.
Ер адам ауыр жарақат алған. Дәрігерлер оқиға орнында оған реанимациялық көмек көрсеткенімен, өмірін сақтап қала алмады.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, марқұм шлем және өзге де қорғаныс құралдарын пайдаланбаған.
Қазір полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.