Алматыда кене шаққан адамдар саны 11%-ға өсті
Алматыда эпидемиологиялық маусым басталғалы бері кене шаққаннан кейін медициналық көмекке 2023 адам жүгінген.
Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11%-ға көп. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Мәліметке сәйкес, зардап шеккендердің жартысына жуығы – 14 жасқа дейінгі балалар.
Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықоватің айтуынша, қалада кене энцефалитінің екі жағдайы тіркелген. Екі науқас та вакцина алмаған.
Мамандардың айтуынша, биыл күннің ерте жылынуына байланысты кенелердің белсенді маусымы әдеттегіден ерте басталған. Алғашқы шағымдар наурыз айының басында тіркелген.
Қазір Алматыда кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бірінші кезең 26 наурыз бен 30 сәуір аралығында жүргізіліп, 2366 гектардан астам орман алқабы, саябақ пен сквер қамтылған. Екінші кезең 6 мамырда басталды.
17 мамырдағы мәлімет бойынша 661 гектардан астам аумақ өңделген. Бұл жоспарланған көлемнің шамамен 28 пайызы.
Алматы дезинфекция орталығының директоры Айнұр Аққошқарова өңделген аумақтардан кене табылмағанын айтып, бұл шаралардың тиімділігін атап өтті.
Сонымен қатар адамдардың денесінен алынғандарды қоса есептегенде 187 кене зертханалық тексеруден өткен. Оның төртеуінен инфекция табылған.
Департамент өкілдері кене шаққан жағдайда төрт тәуліктен кешіктірмей дәрігерге қаралу қажет екенін ескертті.
Мамандардың айтуынша, кене энцефалитінен қорғанудың ең тиімді жолы — вакцина салдыру. 18 мамырдағы жағдай бойынша 2381 адам екпе алған. Қаладағы медициналық ұйымдарда «ТикоВак» вакцинасының 8 мыңнан астам дозасы бар.