Алматыда қызға шабуыл жасаған ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Алматыда лифт батырмасын теуіп, қызға шабуыл жасаған ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша Алатау аудандық полиция басқармасы жедел шаралар қабылдаған. Нәтижесінде 26 жастағы күдікті анықталып, ұсталған.
«Қоғамдық орында агрессивті әрекет жасап, қызға дене жарақатын салған азаматқа қатысты қылмыстық іс тіркелді. Оның әрекетіне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы аясында жан-жақты құқықтық баға беріледі. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ол ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады полиция.
Бұған дейін бұл оқиға туралы журналист Михаил Козачков әлеуметтік желіде видео жариялаған.
Оның айтуынша, Алматыдағы «Аккент» ықшамауданында белгісіз ер адам алдымен лифт шақыру батырмасын теуіп, кейін қасында тұрған қызды соққыға жыққан.