Алматыда қолданылғанына 40 жылдан асқан жылу құбырлары толығымен жаңартылады
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Алматы қаласында жылумен жабдықтау саласын жақсарту мақсатында ірі жоба қолға алынды.
Бұл туралы modernization.kz жазды.
Жоба аясында ЖЭО-2-ден Батыс жылу кешеніне дейінгі жылу магистралінің ескірген құбырлары толығымен жаңасына ауыстырылып, қайта жаңартылады. Жобаның жалпы құны шамамен 54 млрд теңгені құрайды. Жаңғырту жұмыстарын «Алматы электр станциялары» АҚ іске асырады.
ЖЭО-2 – БЖК жылу магистралі ЖЭО-2-ден БЖК-ға қосымша су жібереді және Алматы қаласының орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағына жылу жүктемесінің берілуін қамтамасыз етеді.
Жылу магистралінің жай-күйі мен қайта жаңартылуы (реконструкциялау):
Пайдалану мерзімі: ДУ-800 құбыры 1980 жылы, ал ДУ-1000 құбыры 1984 жылы іске қосылған. Жылу магистралі «Алматы жылу жүйесі» ЖШС-нен «АлЭС» АҚ теңгеріміне (балансына) 2013 жылы берілді. Нормативті қызмет ету мерзімі 25 жыл болса, бұл жылу магистралінің бүгінгі таңда пайдаланылып жатқанына 40 жылдан асқан.
Техникалық жағдайы:
Нысанға техникалық қызмет көрсету тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Жыл сайын жылу магистралінде ағымдағы жөндеу және алдын алу (профилактикалық) шаралары өткізіледі.
Тозу деңгейі:
2022-2025 жылдар аралығында жылыту маусымында жылу магистралінде орта есеппен 45-тен астам зақымдану жағдайы тіркелді. Сондай-ақ, жыл сайын жылыту маусымы аяқталғаннан кейін павильондардағы диаметрі D 1000 бекіткіш арматуралар жөнделіп, тексерістен өтеді. Қазіргі кезге дейін бұл учаскедегі құбыр 85% тозған.
Жөндеу және жаңарту жұмыстары қалай жүріп жатыр?
Құжаттама: Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ техникалық және авторлық қадағалау жасауға шарттар жасалды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау үшін рұқсат құжаттары, дәлірек айтқанда, жұмыстардың басталғаны туралы хабарлама-талон алынды.
Жұмыс мерзімі:
Нысанды қайта жаңарту және жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сай 2026 жылдың сәуір айының соңында басталды. Қазіргі кезеңде құрылысқа қажетті материалдар жеткізіліп жатыр. Сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу үшін құбырлар кезең-кезеңімен істен шығарылып жатыр.
Жобаны іске асыру қашан аяқталады?
Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жұмыстың бірінші кезеңін 2026 жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған.
Отандық өнім үлесі:
Жұмыс барысында құрылыс материалдары, құбыр өнімдері, металл прокаты және электр жабдықтары қолданылады. Бұл ретте отандық өндірістен шығарылған материалдардың үлесі 99%.