Алматыда ҚТЖ филиалының директоры ұсталды
Алматы вагон депосының директоры ұсталғаны туралы ақпарат тарады.
Polites News басылымының мәліметінше, ол аса ірі көлемде – 110 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінген.
Басылымның хабарлауынша, ұстау операциясын Алматы қаласы бойынша ҰҚК департаментінің қызметкерлері жүргізген. Редакция дерегіне сүйенсек, лауазымды тұлға жұмыс кабинетінде қолға түсіп, кейін Алматы қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-бөлігі («Аса ірі мөлшерде пара алу») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ұсталған басшының тапсырмасымен вагондарды тексеруші аға мамандар «ҚазТемірТранс», «ҚТЖ Экспресс» және өзге де меншік иелеріне тиесілі жүк вагондарын заңсыз түрде құрамнан ажыратып отырған болуы мүмкін. Кейін бұл вагондар «АГМ-Табыс» ЖШС-не деполық және күрделі жөндеуге жіберілген.
Сондай-ақ қылмыстық іс аясында ҚТЖ-ның бас құрылымындағы басқа да лауазымды тұлғалар мен қауіпсіздік жөніндегі ревизорлардың қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы бұл оқиғаның биылғы 9 сәуірде болғанын хабарлады. Компания мәліметінше, аталған факті бойынша құзырлы органдар сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Құқық бұзушылықтың орын алуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында депода ішкі тексеру басталған. Оны компанияның комплаенс қызметі жетекшілік ететін арнайы комиссия жүргізіп жатыр.
ҚТЖ тергеу аяқталып, процессуалдық шешім қабылданғанға дейін қосымша түсініктеме беруден бас тартатынын мәлімдеген.