Әлеумет

Алматыда лифт ішінде қызға шабуыл жасаған ер адам ұсталды

Алматының «Ақкент» шағын ауданындағы тұрғын үйдің подъезінде бұзақылық жасап, кейін лифт ішінде қызға шабуыл жасаған ер адам ұсталды.

әлеуметтік желіден

Алматы қалалық полиция департаменті күдікті ер адамның ұсталғанын хабарлады.

«Алматы қаласының полиция департаменті аталмыш факт бойынша Алатау ауданы ПБ жанындағы полиция бөлімі тарапынан жедел шаралар қабылданғанын хабарлайды. Қоғамдық орында агрессивті мінез-құлық танытып, қызға дене жарақатын келтірген 26 жастағы ер адам анықталып, ұсталды. Дене жарақатын келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің әрекеттеріне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы аясында жан-жақты құқықтық баға берілетін болады. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ол ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген хабарламада.

Әлеуметтік желіде тарап кеткен бейнежазбада ер адамның агрессивті мінез-құлық танытқаны байқалады.

Ол подъезде лифт шақыру батырмасын бірнеше рет қатты ұрған, аяғымен тепкен. Осы сәтте жанында тұрған қызға да шабуылдай бастаған. Кейін олар лифтке кірген кезде ер адамның әрекеті одан әрі ушыққан. Бейнекадрлардан оның қызға кенеттен шабуыл жасап, басымен соққы жасағаны көрінеді.

 

Сайт Әкімшілігі