Алматыда пәтерге тіркелетін адам санына шектеу қойылуы мүмкін
Алматыда тұрғын үйге тұрақты және уақытша тіркелу тәртібін қатаңдату ұсынылды. Қала әкімдігі әзірлеген тиісті қаулы жобасы 11 тамызда «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Құжат қазір қоғамдық талқылауда, ұсыныстар 26 тамызға дейін қабылданады.
Жобаға сәйкес, тұрғын үйге тіркелетін әр адамға кемінде 15 шаршы метр алаң қарастырылуы тиіс. Мәселен, көлемі 60 шаршы метр пәтерге төрт адамға дейін тіркеуге рұқсат етілуі мүмкін. Алайда бұл талап үй иесінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына қолданылмайды.
Мұндай норма қазірдің өзінде Астанада бар. Әкімдік бұл өзгерісті «резеңке пәтерлерге» қатысты мәселені шешу үшін ұсынып отыр. Яғни бір мекенжайға тұрғын үйде іс жүзінде тұрмайтын ондаған, тіпті жүздеген адамды тіркеу жағдайларын азайту көзделген. Мәселен, бұған дейін Алматының Наурызбай ауданындағы бір бөлмелі пәтерге 990 адамның тіркелгені анықталған болатын.
Жоба қабылданған жағдайда тіркеу талаптарының сақталуын бақылау күшейтілуі мүмкін. Құжатта тіркелген адамдардың нақты санын тексеру тетігі әзірге толық көрсетілмеген. Бұл бағыттағы жұмысты ІІМ-нің көші-қон қызметі мен полиция жүзеге асырады. Сонымен қатар тіркеу үдерісін цифрландыру және тұрғын үй аумағы мен тіркелген азаматтар санын автоматты түрде есептеу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Болашақта бұл жүйеде жасанды интеллект технологияларын пайдалану да ұсынылуы мүмкін.