Қоғам

Алматыда сөмкесінен граната табылған ер адам ұсталды

Алматы қаласында Райымбек даңғылы бойында полицейлер күмәнді әрекет жасаған ер адамды ұстады. Тексеру барысында оның сөмкесінен пышақ пен гранатаға ұқсас зат табылған.

Фото: скриншот

 

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға орнына жедел-тергеу тобы мен саперлер шақырылған.

Тексеру нәтижесінде табылған гранатаның оқу-жаттығу мақсатындағы муляж екені анықталып, оның ешқандай қауіп төндірмейтіні белгілі болды.

«Ұсталған азаматтың айтуынша, аталған заттарды ол бұған дейін тауып алған. Ал пышақты тұрмыстық қажеттілік үшін өзімен бірге алып жүргенін айтқан. Қазіргі уақытта бұл ақпарат тексеріліп жатыр», – деп хабарлады полиция.

Сондай-ақ ер адамның бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталған.

Алматы полициясы тұрғындарды өзімен бірге қауіп төндіруі мүмкін заттарды алып жүрмеуге және қару-жараққа немесе оқ-дәріге ұқсас күмәнді заттар табылған жағдайда дереу 102 нөміріне хабарлауға шақырды.

Еске салайық, жуырда Алматы облысында полиция қызметкерлерінің жоспарлы оқу-жаттығуы кезінде төтенше жағдай болған еді. Қол гранатасының мерзімінен бұрын жарылуы салдарынан бірнеше қызметкер жарақат алған болатын. Бұл оқиғаға қатысты Ішкі істер министрлігі түсініктеме берген еді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Алматы