Әлеумет

Алматыда Студенттер сарайының төбесі опырылып түсті

Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының төбесі опырылып түсті.

Фото: ашық дереккөз

 Ғимараттың ішкі қабаттары да бірінің үстіне бірі құлаған. Оқиғаның нақты себебі әзірге ресми айтылған жоқ.

ҚазҰУ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Студенттер сарайының құрылысы 1985 жылы басталып, 1998 жылы аяқталған. Нысан шамамен 30 жыл бойы пайдаланылғанымен, осы уақыт ішінде күрделі жөндеу немесе реконструкция жүргізілмеген.

Университет ғимараттың құрылыс конструкциялары мен инженерлік жүйелерінің табиғи түрде тозғанын мәлімдеді. ҚазҰУ дерегінше, нысанның техникалық жағдайы бақылауда болған және конструктивтік элементтердің нашарлай бастағаны тіркелген. Осыған байланысты тіреуіш және қоршау конструкцияларына кешенді техникалық зерттеу жүргізу қажеттігі туындаған.

Университет сондай-ақ 2024 жылғы қаңтарда Алматы мен оған іргелес аумақта болған жер сілкіністері ұзақ уақыт пайдаланылған әрі зақымдары бар ғимарат конструкцияларына қосымша әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.

Бұған дейін Студенттер сарайын реконструкциялау мәселесі көтерілген еді.

ҚазҰУ нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылданатынын және зерттеу нәтижелері мен алдағы шешімдер туралы қосымша ақпарат берілетінін хабарлады.

Әзірге ғимараттың опырылуына нақты не себеп болғаны анықталған жоқ.

Сайт Әкімшілігі