Алматыда тұрғындар жарықтың жиі өшуіне наразылық білдіріп, Төле би көшесін жауып тастады
Алматыда бірнеше тұрғын үй кешенінің тұрғындары жолға шығып, Төле би көшесіндегі қозғалысты уақытша бөгеді.
Оқиға орнынан түсірілген видеолар 22 маусым күні кешке әлеуметтік желілерде тарады.
River City, New Life және Adele тұрғын үй кешендерінің тұрғындарының айтуынша, наразылыққа электр энергиясының тұрақты түрде өшірілуі себеп болған.
Тұрғындардың сөзінше, құрылыс салушы «Қазақстрой» компаниясының энергетикалық мекеме алдында қарызы жиналып қалғандықтан, үйлерде жарық мезгіл-мезгіл өшіріліп тұрады.
Сондай-ақ тұрғындар электр қуатымен бірге суық су беруде де солай болатынын айтады.
Олардың айтуынша, жарықтың жиі сөнуінен азық-түлік бұзылып, қашықтан жұмыс істеу, оқу және тұрмыстық техниканы пайдалану қиындаған.
Тұрғындар бұл мәселе бойынша бірнеше рет шағымданғандарын, алайда жағдайдың шешілмегенін жеткізді.
Кезекті жарық өшкеннен кейін олар Төле би көшесіне шығып, қозғалысты бөгеп, жауапты тараптардан нақты шара қабылдауды талап еткен.