Оқиғалар

Алматыда түркі жастары бас қосты

Алматыда «2025 жылғы Түркі әлемінің жастар астанасы» халықаралық жобасының қорытынды іс-шаралары өтіп, түркі мемлекеттері арасындағы жастар ынтымақтастығын жаңа белеске көтерді.

Фото: gov.kz

Бес күнге созылған ауқымды бағдарламаға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан келген жастар делегациясы қатысып, білім, технология, экология, еріктілік және мәдениет салаларындағы ортақ бастамаларды талқылады.

Бұл жоба кейінгі жылдары түркі мемлекеттері арасындағы гуманитарлық байланысты нығайтуға бағытталған маңызды алаңдардың біріне айналды. Іс-шара бағдарламасы цифрландыру мен жасанды интеллект, құқықтық мәдениет, экологиялық жауапкершілік және еріктілер қозғалысын дамыту бағыттарын қамтыды.

Жастардың заманауи технологиялар саласындағы білімін арттыру мақсатында халықаралық Digital Turkic Youth форумы өтті. Форум барысында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жас көшбасшылары, сарапшылары мен технологиялық компания өкілдері жасанды интеллекттің даму перспективасын, цифрлық трансформацияның қоғамға әсерін және болашақ мамандықтарға қажетті дағдыларды талқылады.

Адами капиталды дамыту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Қазақстан мен Түркия сарапшыларының басын қосқан Kazakhstan–Turkey Psychosocial Support Project халықаралық форумында жастардың психологиялық саулығы, эмоционалдық тұрақтылығы және қиын жағдайлардың алдын алу тетіктері сөз болды.

Спорт саласындағы тәжірибе алмасу мақсатында шетелдік қонақтар «Қайрат» футбол клубының академиясына барып, жас спортшыларды даярлау жүйесімен танысты.

Халықаралық жастар кемпингі жобаның ең маңызды алаңдарының бірі болды. Оның аясында өткен Beyond Borders: Youth Without Borders сессиясында жастар дипломатиясы, мәдениетаралық байланыстар мен халықаралық ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Сондай-ақ Youth Solutions Lab хакатоны ұйымдастырылып, жастар цифрландыру, экология, еріктілік және қоғамдық даму бағыттарында нақты жобалар әзірледі.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Turkic Youth Tree of Unity акциясы өтті. Түркі мемлекеттерінен келген жастар бірлік пен ортақ жауапкершіліктің белгісі ретінде ағаш көшеттерін отырғызды.

14 маусым күні өткен салтанатты жабылу рәсімінде жобаның қорытындысы шығарылды. Сондай-ақ Түркі әлемінің жастар астанасының символикалық кілті келесі кезең иесі ретінде Өзбекстан өкілдеріне табысталды.

Алматының «Түркі әлемінің жастар астанасы» мәртебесін жүзеге асыру кезеңінде қалада 60-тан аса халықаралық және республикалық іс-шара ұйымдастырылып, оған 8 мыңнан аса жас қатысты. Сөйтіп Алматының түркі әлеміндегі жетекші жастар орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесі беки түсті.

Қуан Өмірхан

Алматы қаласы

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Алматы