Алматыда із-түзсіз жоғалған 25 жастағы жігіттің туыстары оның суицид жасағанына сенбейді
19 мамырдан бері із-түзсіз жоғалған 25 жастағы Ерзат Егізбайдың туыстары полицияның алдын ала айтқан «суицид» дегеніне марқұмның әпкесі Жұлдыз Нұрлыбекқызы сенбейінін айтқан.
Бұл туралы «Курсив» басылымы жазды.
Ерзат Алматыда геодезист көмекшісі болып жұмыс істеген. 19 мамыр күні шамамен сағат 14:00-де ол Саяхат маңындағы нысанда жүрген кезінде жетекшісінен 15 минутқа дүкенге барып келуге рұқсат сұраған. Алайда кейін жұмыс орнына оралмаған.
Түнге қарай оның ағасы Жетісу аудандық полициясына арыз жазған. Бірақ туыстарының айтуынша, полиция қызметкерлері жоғалған адам кәмелетке толғандықтан, іздеу жұмыстары екі тәуліктен кейін ғана басталатынын айтқан.
Осыдан кейін отбасы Ерзатты өздері іздей бастаған. Олар ауруханаларды аралап, жұмыс орны маңындағы бейнебақылау камераларын тексеруге қол жеткізген.
Камера жазбалары арқылы Ерзаттың автобусқа мініп, Ават ауылына барғаны, кейін Космос ауылына жетіп, сол жерден түскені анықталған.
Марқұмның әпкесінің айтуынша, видеода оның жан-жағына алаңдап қарап, біреумен телефон арқылы сөйлесіп бара жатқаны көрінеді.
Туыстары Ерзаттың Космос ауылында танысы да, туысы да болмағанын айтады. Сондай-ақ оның қарызы немесе құмар ойынға тәуелділігі болмаған. Оның үстіне жоғалардан бір апта бұрын әйелі жүкті екенін білген.
Ерзаттың мәйітін 23 мамыр күні Космос пен Базаркелді ауылдарының арасындағы терең көлден жергілікті балықшылар тапқан.
Туыстарының айтуынша, оқиға орнына алғаш болып жақындары жеткен, ал полиция кейін келген.
Әлеуметтік желіде тараған «жігіт тұншықтырылған» деген ақпаратты отбасы жоққа шығарды.
Қазір марқұмның телефоны тергеу қолында. Бірақ соңғы қоңыраулар туралы мәлімет туыстарына берілмеген.
Сот-медициналық сараптама қорытындысы 20 күннен кейін дайын болады. Алайда марқұмның жақындары істі «суицид» бабы бойынша жауып тастауы мүмкін деп алаңдап отыр.
Ерзат Егізбай Алматы облысындағы Исаев ауылында жерленді.