Қоғам

Алматыда заңсыз онлайн-казинолардың 110 млн теңгелік қаржы айналымы анықталды

Алматыда заңсыз интернет-казинолардың қызметіне жағдай жасаған адамдар тобының әрекеті тоқтатылды.

Фото: из открытых источников

Тергеу мәліметінше, күдіктілер «Olymp Casino», «Rukh Poker» және «7Kcasino» платформаларының төлем жүйесін ұйымдастырған.

Олар ойыншылардан қаражат қабылдау және оны әрі қарай өңдеу үшін «Rocket.do» онлайн-платформасын пайдаланған. Қылмыстық іске қатысы бар шетел азаматы банк шоттарын белгілі бір ақыға пайдалануға беретін адамдарды іздеген. Ол мұндай адамдарға 200 АҚШ долларына дейін сыйақы ұсынған.

Күдікті тапқан дропперлерін Қазақстанға әкеліп, алдымен ХҚКО-ға апарып, ЖСН рәсімдеуге көмектескен. Кейін оларды банк бөлімшелеріне ертіп барып, есепшот аштырған. Тергеу барысында оның 15 шетел азаматының банк шоттарына қол жеткізгені және өзінің шотын да осы мақсатта пайдалануға бергені анықталған.

Жалпы, ойыншылардан 16 дроппердің есепшоттарына түскен қаражат көлемі 110 млн теңгеден асқан.Іс бойынша бір күдікті қамауға алынды. Тағы үш адамға ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленді.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

 Тергеуге қатысты өзге мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.

Сайт Әкімшілігі