Алматыда жалдамалы пәтерден ер адамның мәйіті табылды
Алматы қаласының Түрксіб ауданында полиция қызметкерлері адам өлтіру қылмысын ізін суытпай ашты.
32 жастағы ер адамның мәйіті жеке тұрғын үйлердің бірінің ауласындағы жалдамалы баспанадан табылған. Оқиға орнына жедел түрде тергеу-жедел тобы жіберілді.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер қысқа уақыт ішінде марқұмның араласқан ортасын анықтап, күдіктінің ізіне түскен.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға алдында ер адамдар бірге спирттік ішімдік ішкен. Кейін олардың арасында жанжал туындаған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті жәбірленушіге дене жарақаттарын келтірген. Соның салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті кейін қылмыстың ізін жасыру мақсатында мәйітті тағамдық үлдірге орап, басқа жерге алып кетуді жоспарлаған. Алайда ол бұл ойын жүзеге асырып үлгермеген.
Мәйіт табылғаннан кейін бірнеше сағат ішінде күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.