Алматыда жедел жәрдем қызметкерінің әрекетіне қатысты тексеріс басталды
Алматылық бойжеткен үйіне шақыртумен келген жедел жәрдем қызметкерінің тексеру барысында өзіне қатысты орынсыз әрекеттер жасағанын мәлімдеді. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тараған.
Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, Жетісу аудандық полиция басқармасы әлеуметтік желілерде жарияланған жазба негізінде тиісті тексеруді бастаған.
Құқық қорғау органдары қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатқанын атап өтті. Тексеру барысында тараптардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, шағым расталған жағдайда заңға сәйкес шара қабылданады.
Естеріңізге сала кетейік, жәбірленуші әлеуметтік желідегі жазбасында оқиғаны ашық баяндап, істі кеңінен таратуға шақырған болатын. Оның айтуынша, фельдшер тексеру кезінде орынсыз әрекеттер жасаған, телефонын тартып алып, пәтерден шығармай күш көрсеткен. Тек көршілердің араласуымен ғана жағдай ушығып кетпеген.