Қоғам

Блогер Сәуле Базархан көз жұмған клиникада бұған дейін де бір адам отадан қайтыс болған

2020 жылы аталған медициналық мекемеде липосакция операциясынан кейін бір пациент қайтыс болған. Сол кездегі тексеру нәтижесінде клиника санитарлық рұқсатынан айырылған.

Фото: әлеуметтік желіден

Кейін мекеме басқа заңды тұлға ретінде қайта тіркеліп, атауын өзгерткен. Бастапқыда клиникаға медициналық лицензияны Алматы әкімдігі берген. Ал 2021 жылдан бастап лицензиялау құзыреті Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне өткен.

Соған қарамастан комитет төрағасы мұндай тәжірибе заңға қайшы келмейтінін айтты. Оның сөзінше, егер медициналық ұйым белгіленген талаптардың бәріне сай болса, қайтадан лицензия алып, қызметін жалғастыра алады.

Еске салайық, блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан 15 мамыр күні Алматыдағы жекеменшік клиникалардың бірінде липосакция операциясынан кейін қайтыс болған. Ота жергілікті анестезиямен жоспарлы түрде жасалған.

Марқұмның туыстарының айтуынша, операция бірнеше сағатқа созылғанымен, дәрігерлер ұзақ уақыт бойы науқастың жағдайы туралы нақты ақпарат бермеген. Ал Сәуле Базарханның көз жұмғаны туыстарына кейін ғана хабарланған.

Сайт Әкімшілігі