Қоғам

Алматыдағы полицейдің өліміне қатысты әйелі мен баласы қамауға алынды

Алматы облысында күйген мәйіті таудан табылған 37 жастағы аға жедел уәкіл Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды.

Фото: ашық дереккөз

Тергеу мәліметінше, қылмысқа күдікті жұбайы да бұрын құқық қорғау органдарында қызмет еткен. Ерлі-зайыпты 15 жыл бірге өмір сүріп, жеті бала тәрбиелеген. Көршілері оларды үлгілі отбасы ретінде сипаттап, ұлдарының тәрбиелі әрі спортпен айналысқанын, ал ата-анасының сыпайы жандар болғанын айтады. Алайда тергеу нұсқасы бойынша, қанды оқиға олардың Алматыдағы пәтерінде болған. Полицей өлтірілгеннен кейін оның мәйіті көлікке тиеліп, Алматыдан шамамен 300 шақырым жердегі тауға жеткізіліп өртелген.

Адам сүйегі жатқан орынның қалдығын мал іздеп жүрген жергілікті шопан байқап қалған.

Қазіргі уақытта Әлсеровтердің пәтері мөрленген. Алматы облыстық полиция департаменті марқұмның полиция қызметкері болғанын растады.

«Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктілер, оның ішінде марқұмның жұбайы мен ұлы ұсталды. Олардың барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады полиция.

Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда. Тергеушілер отбасы мүшелері арасында нақты не болғанын анықтап жатыр.

Сайт Әкімшілігі