Қоғам

Алматыдағы жантүршігерлік жол апаты: Прокурор сотта айыптау актісін оқыды

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Әл-фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апатына қатысты алдын ала сот тыңдауы басталды.

Фото: Жас Алаш

Сот отырысында прокурор Күмісбеков Әлібек тергеу нұсқасын жариялады.

Айыптау тарапының мәліметінше, 1993 жылы туған Александр Пак 21 наурызға қараған түні шамамен сағат 03:30 шамасында Zeekr 9X көлігімен әл-Фараби даңғылы бойымен батыс бағытта келе жатып, жол қозғалысы ережелерін бұзған.

Прокурордың айтуынша, жүргізуші жол жағдайын ескере отырып қауіпсіз жылдамдықты таңдамаған, көлік қозғалысын толық бақылауда ұстамаған және қауіпті жағдай туындағанда жылдамдықты төмендетіп, тіпті тоқтауға дейін шара қолданбаған.

Сотта жарияланған мәліметке сәйкес, көлік белгіленген жылдамдықтан 80 шақырымнан астам артық жүрген. Сондай-ақ прокурордың сөзінше, қарсы жолаққа шыққан сәтте соқтығысқа дейінгі көліктің жылдамдығы шамамен сағатына 219 шақырым болуы мүмкін.

Айыптау нұсқасында Александр Пактың өз әрекеті арқылы жол қозғалысының басқа қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргені айтылды.

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында ауыр жол апаты болған еді. Қарсы бағытқа шығып кеткен Zeekr маркалы көлік Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.Қатты соққы салдарынан Mercedes көлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында қаза тапты.Алдын ала мәлімет бойынша, Zeekr жүргізушісі жеңіл дәрежеде мас күйде болған. Ол ауруханадан шыққаннан кейін бірден тергеу изоляторына қамалған.Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде апатқа полицейлер қатысқан көше жарысы себеп болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Осыған байланысты арнайы тексеріс басталған.

Тексеру нәтижесінде Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің бұйрығымен Алматы полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция мен қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының жетекшілері қызметінен босатылды. Сонымен қатар полиция басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сайт Әкімшілігі