Қоғам

Алматылық әйел ипотека рәсімдеу кезінде өзінің екі рет некеде тұрғанын білген

Алматы тұрғыны ипотека рәсімдеу кезінде құжаттардан күтпеген жайтты анықтаған. АХАТ жүйесінде оның бір адаммен екі рет некеге тұрғаны туралы жазба болған.

Фото: из открытых источников

Әйелдің айтуынша, ол пәтерді рәсімдеу үшін банкке барған кезде құжаттарын тексеру барысында атына екі неке жазбасы тіркелгені анықталған. Екі жазба да бір күн мен бір жылға тиесілі болған. Алайда олардың бірінде оның тегі дұрыс көрсетілсе, екіншісінде қате жазылған.

Осыған байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы АХАТ ақпараттық жүйесіндегі деректерді тексерген.

Тексеру нәтижесінде жазбалардың біреуі жүйеде бастапқыда электронды түрде тіркелгені, ал екіншісі цифрланған құжаттың қайталанған нұсқасы екені анықталды.

Мемлекеттік корпорацияның мәліметінше, қайталанып кеткен неке туралы жазба жойылады. Осыдан кейін азаматтың құжаттарындағы сәйкессіздік мәселесі шешілуі тиіс.

Сайт Әкімшілігі