Алматының Наурызбай ауданында сел қаупіне байланысты тұрғындар эвакуацияланып жатыр
«Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес, алдағы нөсер жауын-шашынға байланысты Алматының таулы аймақтарында сел жүру қаупі сақталып отыр. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі, «Қазселденқорғау» және Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті күшейтілген жұмыс режиміне көшті.
Алматы қаласының Наурызбай ауданында сел қаупіне байланысты Ақсай өзенінің жағасында тұратын тұрғындарды алдын ала эвакуациялау басталды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қауіпсіздік мақсатында тұрғындар Наурызбай ауданындағы мектептер базасында ұйымдастырылған уақытша қабылдау пункттеріне орналастырылып жатыр. Министрлік жедел штаб құрған. Азаматтық қорғау қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Тұрғындарға арналған жедел желі ашылды: 8 (727) 279-22-32. Қазіргі уақытқа дейін оған 4 қоңырау түскен. Ведомствоның мәліметінше, барлық іс-шара жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр және жағдай толық бақылауда.
Мамандар сел қаупі бар учаскелерге тұрақты мониторинг жүргізіп, құтқару бөлімшелері жедел әрекет етуге дайын екенін мәлімдеді. Халықты жедел хабардар ету үшін Алматының Наурызбай ауданында жергілікті құлақтандыру жүйесі іске қосылған.
ТЖМ азаматтарды ауа райы тұрақталғанға дейін Іле Алатауы тауларына бармауға және демалысты кейінге қалдыруға шақырды. Ведомство тауда жүргендерге өзендердің жоғарғы ағысында нөсер жауған жағдайда өзен арналары мен сел жүруі мүмкін сайлардан дереу кетуді, сондай-ақ өзендер мен бөгеттердің маңына шатыр тікпеуді ескертті.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырды.