Алматының Орталық клиникалық ауруханасына 2,5 млн теңге айыппұл салынды
Алматы қаласында Сауда және интеграция министрлігіне қарасты Техникалық реттеу және метрология комитеті департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеріс барысында «Орталық қалалық клиникалық аурухана» ШЖҚ КМК қызметінде өрескел заңбұзушылықтар анықталды.
Тексеру барысында 2026 жылғы 11 ақпанға дейін медициналық мекемеде 106 пациент мониторингі модулі міндетті рәсімдерден өтпей пайдаланылғаны белгілі болды. Аталған құрылғылар тиісті түрде тіркелмеген, типі бекітілмеген, метрологиялық аттестациядан және міндетті тексеруден өтпегеніне қарамастан, емдеу процесінде қолданылған.
Бұл жабдықтар науқастардың жүрек соғу жиілігі, артериялық қысым, қандағы оттегі деңгейі (SpO₂), электрокардиограмма (ЭКГ) және дене температурасы сияқты маңызды көрсеткіштерін бақылауға арналған. Мамандардың айтуынша, өлшеу дәлдігі расталмаған құрылғыларды қолдану дәрігерлік шешімдерге тікелей әсер етіп, пациенттердің қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін.
Тексеру барысында мекеме Қазақстан Республикасының «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» заңының 17 және 19-баптарының талаптарын бұзғаны анықталды. Аталған фактілер тиісті құжаттармен расталып, заңбұзушылықтарды жою туралы міндетті нұсқама берілді. Жіберілген олқылықтар үшін медициналық ұйым Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 419-бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, 600 айлық есептік көрсеткіш (2 595 000 теңге) көлемінде айыппұл төлеген.