Қоғам

Алматы әкімдігі алданған жүздеген үлескердің қаражатын қайтаруға көмектесті

Алматы әкімінің тапсырмасымен құрылған үлестік қатысу мәселесі жөніндегі ведомствоаралық комиссия бірнеше тұрғын үй үлескерлердің мүддесін қорғау бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

Фото: gov.kz

Атап айтқанда, Esentai City тұрғын үй кешенінің жылжымайтын мүлкіне салынған тыйымды алып тастау және құрылысты жалғастыру мәселесі шешімін тапты. Ал "Достар Делюкс" тұрғын үй кешенінің үлескерлеріне келтірілген залалды өтеу тетігі меншік иелерінің бастамашыл тобына ұсынылды. Monblanc тұрғын үй кешенінің құрылысын жалғастыруға ниетті инвестор табылды. Ол жер телімін сатып алып, үлескерлердің шығынын өтеуге дайын.

Қазір инвестор мен үлескерлер арасында тиісті келісім әзірленіп жатыр. Заңсыз салынған Pine Hill және Sky Club тұрғын үй кешендерінің құрылыс салушыларына қатысты қылмыстық істер тергеліп жатыр. Ведомствоаралық комиссия инвестормен келісімге келген.

Жер телімдеріне салынған тыйым алынып, жоғалған құжаттар қалпына келтірілгеннен кейін учаскелер инвесторға беріледі. Осыдан соң ол үлескерлер алдындағы берешекті өтеу міндеттемесін мойнына алады.

Қазір комиссия Швейцария, Silver Hills және басқа да проблемалық тұрғын үй кешенінің үлескерлеріне қатысты мәселелерді шешу жолдарын қарастырып жатыр. Бұл нысандар бойынша қылмыстық істерді тергеудің аяқталуы күтіліп отыр.

Бастапқы нарықтан жылжымайтын мүлік сатып алмас бұрын құрылыс салушының барлық қажетті құжаты бар екеніне көз жеткізуді сұраймыз.

Сондай-ақ нысанның мәртебесін Қала құрылысын бақылау басқармасының +7 705 89 66 000 нөміріндегі анықтамалық WhatsApp арнасы арқылы тексеруге болады. Жұмыс уақыты: дүйсенбі-жұма, сағат 09:00–ден 18:00–ге дейін.

Сайт Әкімшілігі