Қоғам

Алматы әуежайындағы ішкі рейстерге арналған терминал қалай өзгерді?

2026 жылғы 14 қарашада Алматы халықаралық әуежайында ішкі рейстерге арналған жаңартылған Т1 терминалының ресми ашылу салтанаты өтті.

Фото: Алматы әуежайы

Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, әуежай мен TAV Airports холдингінің басшылығы, серіктестер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Салтанатты рәсім қарсаңында журналистерге арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды. Алматы халықаралық әуежайының президенті Гокер Косе жаңартылған терминалдың инфрақұрылымын таныстырып, қайта жаңғырту барысында атқарылған жұмыстар мен енгізілген негізгі өзгерістерді көрсетті.

Ашылу салтанатында алғаш болып сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасова әуежай инфрақұрылымын жаңартудың елдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырудағы маңызына тоқталды.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін нығайтуға, әуежайларды жаңғыртуға және азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға ерекше көңіл бөледі. Жаңартылған терминалдың ашылуы – осы жұмыстың нақты нәтижесі. Еліміздің іскерлік және қаржы орталығы – Алматы қаласы үшін әуежайды дамытудың маңызы зор. Бұл жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, қаланың туристік және іскерлік әлеуетін дамытуға, сондай-ақ оның өңірдегі ірі авиациялық торап ретіндегі рөлін нығайтуға ықпал етеді", – деді Әсел Жанасова.

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды да жаңартылған терминалдың қала үшін маңызын атап өтіп, әуежайды өңірдегі жетекші авиациялық хабтардың біріне айналдыру ортақ мақсат екенін жеткізді.

"Бүгінгі шараның авиация саласы үшін де, қала үшін де маңызы зор. Біз еліміздің әр өңірінен келетін жолаушыларға қызмет көрсететін жаңартылған терминалды ашып отырмыз. Біздің ортақ мақсатымыз – Алматы әуежайын заманауи, жолаушыларға ыңғайлы әрі өңірдегі жетекші авиациялық хабтардың біріне айналдыру. Серіктестерімізбен бірге осы мақсатқа жететінімізге сенімдімін", – деді Дархан Сатыбалды.

Өз кезегінде TAV Airports холдингінің бас директоры Серкан Каптан жаңғырту жұмыстарының нәтижелеріне тоқталып, жобаға атсалысқан барлық тарапқа алғысын білдірді. Оның айтуынша, ауқымды жұмыстар небәрі 13 айда аяқталған.

"Осындай ауқымды жаңғырту жұмыстары небәрі 13 айдың ішінде аяқталды. Осы күрделі үдеріс барысында түсіністік танытып, шыдамдылық көрсеткен жолаушыларымыз бен серіктестерімізге шынайы алғысымызды білдіреміз. 2024 жылы жаңа халықаралық терминалдың құрылысын аяқтап, оны пайдалануға бердік. Ал қазіргі жобаның жүзеге асырылуы ішкі рейстер терминалында жолаушыларға қызмет көрсету сапасы мен операциялық тиімділікті халықаралық стандарттардың ең жоғары деңгейіне көтеруге мүмкіндік берді. 2021 жылдан бері әуежайды дамытуға 650 миллион доллардан астам инвестиция салдық. Біз Алматы әуежайына инвестиция салуды жалғастырып, оны Орталық Азияның басты авиациялық хабы ретінде дамытамыз. Үкіметке, серіктестерімізге және қызметкерлерімізге тұрақты қолдауы мен жемісті ынтымақтастығы үшін алғыс айтқым келеді", – деді Серкан Каптан.

Құттықтау сөздерінен кейін құрметті қонақтар мен әуежай басшылығы лента қиып, жаңартылған терминалдың ресми ашылғанын жариялады. Салтанатты рәсім барысында қонақтар естелік кітапқа қолтаңба қалдырды. Бұл кітап терминал тарихындағы маңызды оқиғаның куәсі ретінде сақталады.

Терминал 13 айда жаңартылды

Ішкі рейстер терминалын жаңғырту жұмыстары 2025 жылғы қыркүйекте әуежайдың 2050 жылға дейінгі Бас даму жоспарының алғашқы кезеңі – Horizon бағдарламасы аясында басталған. Жұмыс 13 айға созылып, терминалдың қалыпты жұмысын тоқтатпай, жолаушыларға қызмет көрсетуді үздіксіз қамтамасыз ету талабына сай кезең-кезеңімен жүргізілді. Жобаның жалпы құны шамамен 32 миллион долларды құрады.

Жаңғырту барысында терминалдың тіркеу аймағы толығымен қайта жасақталды. Аумағы 1 700 шаршы метр болатын залға 23 жаңа тіркеу орны орнатылды. Кеңістікті безендіру кезінде заманауи сәулеттік шешімдер мен ұлттық нақыш үйлестірілген.

Ұшу алдындағы тексеру аймағының аумағы 200 шаршы метрге ұлғайып, өткізу жолының ені 2 метрден 3,5 метрге дейін кеңейді. Отырғызу талондарын сканерлеуге арналған TDAS автоматты турникеттерінің саны да үштен беске дейін артты. Бұл жолаушылардың тексеру рәсімінен жылдамырақ өтуіне мүмкіндік береді.

Ұшаққа отырғызуға арналған сегіз аймақтың барлығы жаңартылып, жолаушыларға арналған орындар саны көбейді. № 1 отырғызу аймағының ауданы 200-ден 350 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар үш жаңа телескопиялық трап орнатылды.

Багажды өңдеу инфрақұрылымы да айтарлықтай кеңейтілді. Ұшатын рейстердің багажын сұрыптау залының ауданы 1 000-нан 1 800 шаршы метрге дейін, ал келген рейстердің багажын өңдеуге арналған қызметтік аймақ 963-тен 1 490 шаршы метрге дейін ұлғайды. Багажды алу аймағының ауданы 964-тен 1 891 шаршы метрге дейін кеңейтілді. Багаж таспаларының жалпы ұзындығы бұрынғы 85 метрден 228 метрге дейін артты.

Сондай-ақ багажды тексеруге арналған XT2100HS компьютерлік томография жүйесі енгізілді. Бұл технология багаж ішіндегі заттардың егжей-тегжейлі үшөлшемді кескінін алуға мүмкіндік беріп, тексеру жұмыстарының дәлдігі мен тиімділігін арттырады. Нәтижесінде багажды өңдеу жүйесінің өткізу қабілеті ұшатын рейстер бойынша сағатына 990-нан 1 680 бірлікке дейін, ал келетін рейстер бойынша 1 380-нен 2 250 бірлікке дейін өсті.

Терминалдың инженерлік инфрақұрылымы да толық жаңартылды. Кабель желілері, электрмен жабдықтау, желдету, жылыту, өрт дабылы және автоматты өрт сөндіру жүйелері қайта жабдықталды. Қабырғалар мен бағандардың әрлеуі жаңартылып, бірінші қабаттағы төбелер толығымен ауыстырылды. Ал екінші қабатта шамамен 15 мың шаршы метр аумаққа жаңа төбе конструкциялары орнатылды.

Жолаушыларға арналған қызмет көрсету орындары да назардан тыс қалмады. Терминалдағы 14 санитарлық бөлменің барлығы күрделі жөндеуден өтіп, есіктерге жанаспай ашылатын жүйелер орнатылды. Ана мен бала бөлмесі жаңартылып, барлық лифт ауыстырылды. Бұдан бөлек, жаңа дүкендер мен тамақтану орындары ашылды. Олардың дизайны терминалдың бірыңғай заманауи сәулеттік үлгісіне сәйкестендіріліп, жаңартылған интерьермен үйлестірілген.

Жаңғырту аясында ішкі рейстермен ұшатын және Алматыға келетін жолаушыларға арналған Extime VIP Lounge залдары да толығымен жаңартылды. Ауданы 750 шаршы метр болатын ұшу залы бір мезетте 110 қонақты қабылдай алады. Мұнда тамақтану және демалыс аймақтары, келіссөздер бөлмесі, жеке VIP-бөлме мен намаз оқуға арналған орын қарастырылған. Ал ауданы 250 шаршы метрді құрайтын келу залы 22 қонаққа арналған.

Терминал жылына 9 миллион жолаушыға қызмет көрсете алады

Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде Т1 терминалының жылдық өткізу мүмкіндігі 9 миллион жолаушыға дейін артты. Салыстыру үшін айтсақ, ішкі және халықаралық рейстер бір ғимаратта қызмет көрсеткен кезеңде терминал жылына шамамен 3,2 миллион жолаушыға қызмет көрсеткен.

Т1 терминалын жаңарту Алматы халықаралық әуежайының 2050 жылға дейінгі Бас даму жоспарының алғашқы кезеңі саналатын Horizon бағдарламасындағы (2025–2029) негізгі жобалардың бірі болды. Бағдарлама аясында жалпы құны шамамен 362 миллион доллар болатын 130-дан астам инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру көзделген.

Жоспар бойынша әуежайдың өзге де маңызды нысандары кезең-кезеңімен жаңартылады. Атап айтқанда, Орталық Азиядағы алғашқы арнайы мұздануға қарсы өңдеу алаңы мен ұзындығы 4 000 метр болатын жаңа рулеждік жол салынады. Сонымен қатар ұшу-қону жолақтарының бірі бетон жабынымен қайта жаңартылып, VIP перрон мен әуе кемелерінің тұрақ орындары жаңартылады. Бұдан бөлек, жүк перронын дамыту және әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған ангар салу жоспарланған.

Жаңартылған ішкі рейстер терминалының ашылуы Алматы әуежайын дамыту жолындағы маңызды кезең болды. Алдағы уақытта Horizon бағдарламасы аясында жүзеге асатын инфрақұрылымдық жобалар әуежайдың өткізу мүмкіндігін арттырып, оның Орталық Азиядағы жетекші авиациялық хаб ретіндегі орнын нығайтуға бағытталған.

Сайт Әкімшілігі