Алматы облысында екі баланы қағып, қашып кеткен жүргізуші іздестіріліп жатыр
Алматы облысының Абай ауылында Chevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісі жол жиегінде тұрған екі баланы қағып, оқиға орнынан кетіп қалған.
Зардап шеккен балалар ауруханаға жеткізіліп, ота жасалды. Олардың бірінің жағдайы ауыр.
Оқиға туралы әлеуметтік желіде Ахмет Өмірзақ есімді азамат жазды. Оның айтуынша, жол апаты Абай ауылындағы "Жаныс" дүкенінің алдында болған.
"Абай ауылында, "Жаныс" дүкенінің алдында балмұздақ жеп отырған екі баланы ту сыртынан қағып, басып өтіп кеткен. Біреуі менің 6-сыныпта оқитын балам. Дүкеннің камерасына жүргізушінің түрі, машинасының нөмірі анық көрініп тұр. Полициялар соны әлі таппай жатыр-мыс", – деп жазды ол.
Алдын ала мәлімет бойынша, балаларды Chevrolet Cobalt көлігі қағып кеткен. Жүргізуші жол-көлік оқиғасынан кейін тоқтамай, оқиға орнынан бой тасалаған.
Зардап шеккен екі бала да аудандық ауруханаға жеткізіліп, оларға ота жасалған. Балалардың бірі операциядан кейін хирургия бөліміне ауыстырылды. Ал екінші бала жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде жатыр. Оның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.