Қоғам

Алматы облысында "Твардовский дом" панажайының иесі Владимир Тепляков кісі қолынан қаза тапты

Алматы облысында жануарларды қорғаумен айналысқан Владимир Тепляковтың қазасынан кейін оның қарауындағы 90 ит иесіз қалды.

Фото: әлеуметтік желіден

Алматы облысында жануарларға арналған "Твардовский дом" панажайының негізін қалаушы Владимир Тепляковтың өлтірілгені расталды. Сараптама қорытындысы бойынша, оның денесінен бірнеше оқ жарақаты, соның ішінде желке тұсынан тиген жара анықталған.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап, қылмысқа қатысы бар адамдарды іздестіріп жатыр. Тергеу облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған.

Владимир Тепляковтың қайтыс болғаны туралы бұған дейін оның достары мен әріптестері хабарлаған. Ол көп жыл бойы жануарларды құтқарумен айналысып, жүздеген итке қамқорлық көрсеткен панажайды басқарған.

"Твардовский дом" атауы Тепляковтың 21 жасында жол апатынан қаза тапқан асыранды ұлы Ильястың құрметіне қойылған. Марқұмның айтуынша, Ильяс иттерді жақсы көрген әрі бос уақытында жануарларға ерікті ретінде көмектескен.

Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полиция әзірге оқиғаның өзге мән-жайларын жариялаған жоқ.

Сайт Әкімшілігі