Қоғам

Алматыда полиция департаменті басшысының экс-орынбасары Ержан Ұзабаевтың жүргізушісі сотталды

Алматыда Аль-Фараби даңғылындағы адам өліміне әкелген жол апатына қатысты тағы бір сот үкімі шықты.

Фото: ЖИ

Сот Алматы қаласы полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаевтың жүргізушісі болған полиция қызметкері А.Ж.-ны қызметтік әрекетсіздік бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді.

Сотталушыға бұдан бөлек өмір бойына мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салынып, полиция сержанты атағынан айырылды. Қамауда өткізген уақыты жаза мерзіміне есептеледі. 

Прокурор соттан А.Ж.-ны жеті жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал қорғау тарапы айыптың дәлелденбегенін айтып, сотталушыны ақтауды талап етті. Қорғаушылардың сөзінше, А.Ж.-ның нақты қандай қызметтік міндеті Александр Пактың көлік жүргізуіне тосқауыл қоюды талап еткені және оның әрекетсіздігі жол апатына қалай себеп болғаны дәлелденбеген.

Іс материалдары бойынша, А.Ж. жол апаты болған түні Александр Пакпен бірге мейрамханада болған және оның алкоголь ішкенін білген. Айыптау тарабының мәліметінше, полиция қызметкері Пактың көлікке отырғанына кедергі келтірмеген. Кейін оның қауіпті көлік жүргізгенін көрсе де, тоқтатпаған және бұл туралы әріптестеріне хабарламаған.

Оқиғаның өзі 2026 жылғы 21 наурызға қараған түні Алматыдағы Аль-Фараби даңғылында болған. Zeekr көлігін басқарған Александр Пак қарсы бағытқа шығып, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы қаза тапқан. Александр Пактың ісі А.Ж.-ның ісінен бөлек қаралған. Бұған дейін сот Александр Пакты жол апатына қатысты кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырған болатын.

Сайт Әкімшілігі