Әлеумет

Алматы тауларында жоғалған 16 жастағы жасөспірім екі тәулік бойы 20 градус аязда көмек күткен

Алматы тауларында жоғалып кеткен 16 жастағы жасөспірім екі тәулік бойы тамақсыз, сусыз, 20 градус аязда қалған.

Фото ашық дереккөз

 Сәтбаев шыңына жалғыз көтерілген бозбаланы құтқарушылар ұзақ іздеуден кейін дронның көмегімен анықтаған.

31 қазанда жасөспірімнің туыстары оның жоғалып кеткенін айтып, әлеуметтік желі арқылы көмек сұраған.

Белгілі болғандай, бозбала түнгі сағат 01:00 шамасында Үлкен Алматы көліне жетіп, 01:31-де Сәтбаев шыңына қарай бет алған. Одан соңғы хабар күндізгі сағат 12:31-де түскен. Сол кезде ол туристер арасында «Сковородка» деген атаумен белгілі аумақта болған. Кейін жасөспіріммен байланыс үзілген.

Іздеу жұмыстарына құтқарушылармен қатар оның туған ағасы да қатысқан. Ол інісін табу үшін тауға көтеріліп, 13 сағаттан астам уақытын аязда өткізген. Алайда мұз қатқан тік беткейден өте алмаған.

«Мен 3600 метр биіктікте, 15 градус аязда 13 сағаттан астам уақыт жүрдім. Ал інім 4200 метр биіктікте, 20 градус аязда болған. Мұздың кесірінен одан әрі көтеріле алмадым. Бірақ оның сол жерге кәдімгі кедамен жеткеніне әлі таңғалып отырмын. Мен де сондай аяқкиім киген едім», – деп жазды жасөспірімнің ағасы әлеуметтік желіде.

Кейін белгілі болғандай, тауда қалған жасөспірімнің тамағы мен суы таусылған. Қатты тоңған ол өздігінен төмен түсе алмаған.

Құтқарушылар бірнеше сағатқа созылған іздеу барысында дрон арқылы жасөспірімнің қайда отырғанын анықтаған. Ол тау басында қозғала алмай, біреудің көмекке келуін күтіп отырған.

Оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Әсіресе, жасөспірімнің арнайы альпинистік жабдықсыз, жеңіл аяқкиіммен 4200 метр биіктікке дейін көтерілгені көпшілікті таңғалдырған.

Айта кетейік, ұсынылған ақпаратта жасөспірімді таудан түсіру операциясының қалай аяқталғаны және оның денсаулық жағдайы туралы ТЖМ-нің ресми мәліметі келтірілмеген.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Алматы