Оқиғалар

Алматыда 39 млрд теңгеге фармацевтикалық зауыт салынады: қатерлі ісікке қарсы дәрілер шығарылады

Алматыда құны 39 миллиард теңгеден асатын жаңа фармацевтикалық зауыт салу жоспарланып отыр.

Фото: ашық дереккөз

Кәсіпорында ондаған түрлі дәрі-дәрмек, соның ішінде онкологиялық және гематологиялық ауруларды емдеуге арналған препараттар өндірілмек. Бұл туралы 3 қарашада өткен Үкімет отырысында "Нобель Алматы фармацевтикалық фабрикасы" АҚ басқарма төрайымы Светлана Киль мәлімдеді.

Компания дәрілік заттар өндірісін кеңейтуді, халықаралық фармацевтикалық компаниялар препараттарының өндірісін Қазақстанда жергіліктендіруді тереңдетуді және дайын дәрілік формаларды шығарудан біртіндеп күрделі өндірістік процестерге көшуді жоспарлап отыр.

Жобаға салынатын инвестиция көлемі 39,2 млрд теңгені құрайды.

Қазақстанда қандай дәрілер өндіріледі?

Инвестициялық келісім аясында халықаралық патенттелмеген атауы бар 40 түрлі дәрілік заттың өндірісін жергіліктендіру көзделген. Жалпы 12 терапиялық бағыт бойынша 68 өндірістік позицияны игеру жоспарланып отыр. Негізгі басымдық ауыр ауруларды емдеуге арналған препараттарға беріледі.

Атап айтқанда, кәсіпорында:

  • онкологиялық ауруларды емдеуге арналған 17 түрлі препарат;

  • гематологиялық ауруларға қарсы 7 түрлі дәрі;

  • ревматология және иммунология салаларында қолданылатын препараттар;

  • өкпенің артериялық гипертензиясын емдеуге арналған дәрілер;

  • биологиялық дәрілік препараттар өндіру жоспарланған.

Қазақстанда Roche және AstraZeneca препараттары шығарылып жатыр

Светлана Кильдің айтуынша, Қазақстанда халықаралық фармацевтикалық компаниялардың бірқатар препаратын өндіру жергіліктендірілген. Олардың қатарында Roche компаниясының қатерлі ісікке қарсы қолданылатын "Кадсила", "Герцептин" және "Перьета" препараттары бар. Сондай-ақ AstraZeneca компаниясының, соның ішінде екінші типті қант диабетін емдеуде қолданылатын "Форсига" дәрісінің өндірісі жолға қойылған.

Бұдан бөлек, Францияның Sanofi компаниясымен вакциналар өндірісін жергіліктендіру жөнінде келісімшарт жасалған. Халықаралық өндірушілермен ынтымақтастықты кеңейту технологиялық тәжірибені Қазақстанға енгізуге және отандық мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.

Алғашқы дәрілер 2029 жылдан бастап шығарылады

Жоба бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады. 2029 жылы алғашқы өндірістік бағыттарды іске қосу жоспарланған. 2029-2032 жылдар аралығында кәсіпорын келісімде қарастырылған 40 түрлі дәрінің 23-ін өндіруді игермек. 2030 жылы ревматологиялық, иммунологиялық аурулар мен өкпенің артериялық гипертензиясын емдеуге арналған препараттар өндірісінің жаңа бағыттары ашылады.

2032 жылға қарай алты түрлі биологиялық препараттың өндірісін игеру көзделген. Оның бесеуі онкологиялық, біреуі гематологиялық ауруларды емдеуге арналған. Ал 2034-2036 жылдарға жоспарланған келесі кезеңде белсенді фармацевтикалық ингредиенттер өндірісін ұйымдастыру қарастырылған.

Фармацевтикалық субстанциялар өндірісі не үшін маңызды?

Қазір көптеген фармацевтикалық кәсіпорын шетелден сатып алынған белсенді ингредиенттерді пайдаланып, дайын дәрілік препараттар шығарады. Фармацевтикалық субстанция – дәрінің емдік әсерін қамтамасыз ететін белсенді зат. Осындай заттарды ел ішінде өндіру Қазақстанның шетелдік жеткізушілерге тәуелділігін біртіндеп азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар өндірісті тереңірек жергіліктендіру ғылыми зерттеулерді, фармацевтикалық технологияларды дамытуға және білікті мамандар даярлауға қосымша жағдай жасайды.

"Халықаралық тәжірибені енгізу және білікті мамандар даярлау фармацевтика саласындағы кәсіби кадрлардың дамуына ықпал етеді", – деді Светлана Киль.

Оның айтуынша, өндірістік мүмкіндіктерді кеңейту және халықаралық сапа талаптарын сақтау Қазақстанда шығарылатын фармацевтикалық өнімдерді шетел нарықтарына шығаруға да жағдай жасайды.

Жаңа зауытта кемінде 200 жұмыс орны ашылады

Бұған дейін Қазақстан Үкіметі "Нобель Алматы фармацевтикалық фабрикасының" жобасы аясында кемінде 200 жұмыс орнын ашу жоспарланғанын хабарлаған. Жобаның стратегиялық серіктесі – Nobel İlaç компаниясы. 2026 жылғы қаңтарда Үкімет жалпы құны 173 млрд теңге болатын төрт фармацевтикалық кәсіпорын салу жөніндегі инвестициялық келісімдерді мақұлдаған.

Жаңа өндіріс орындары Алматы қаласында, Алматы және Түркістан облыстарында ашылуы тиіс. Аталған жобалар аясында жүздеген түрлі дәрілік заттың өндірісін Қазақстанда жергіліктендіру жоспарланып отыр.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: фармацевтика