Қоғам

Алматыда діни экстремизмді насихаттады деген күдікпен 44 жастағы ер адам ұсталды

ІІМ қызметкерлері діни экстремизмді насихаттады және діни алауыздықты қоздырды деген күдікпен 44 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: полиция

ІІМ жедел уәкілдері ұзақ уақыт бойы күдіктінің заңға қайшы әрекеттерін, оның ішінде интернет кеңістігіндегі қызметін анықтау және құжаттау бойынша жұмыс жүргізді.

Тергеу деректеріне сәйкес ер адам 2024 жылдан бері Қазақстаннан тыс жерде жүріп, радикалды идеяларды таратуды жалғастырған. Ол Telegram мессенджеріндегі жабық топтарға әкімшілік етіп, онлайн дәрістер өткізіп, өз жақтастарына идеологиялық тұрғыда ықпал еткен. Күдікті шетелде болғанына қарамастан, оның әрекеттері құқық қорғау органдарының тұрақты бақылауында болды.

Бұған дейін оның бірқатар аудиодәрісі терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру белгілері бойынша сот шешімімен экстремистік материалдар деп танылған. Ер адамның шетелдік теологиялық оқу орындарында діни білім алғаны анықталды. Ол жақтастары арасындағы беделін пайдаланып, 2024-2025 жылдары олардан 60 миллион теңгеден астам қаражат алған. 11 қарашада жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті Алматы қаласында ұсталды. Сонымен қатар Алматы қаласы мен Жамбыл облысында бір мезгілде тергеу әрекеттері жүргізілді.

Тінту барысында экстремистік идеология белгілері бар діни әдебиеттер мен қолжазба материалдар тәркіленді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сайт Әкімшілігі