Оқиғалар

Алматыда Мұғалім күніне орай қаланың үздік педагогтері марапатталды

Мұғалім күні Алматыда қала педагогтерін марапаттауға арналған салтанатты рәсім өтті.

Фото Алматы әкімдігі

 Алматы әкімі Дархан Сатыбалды ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, мемлекеттік наградаларды табыстады.

"Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мұғалім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің "Әділетті қоғамға – шыншыл сөз" атты еңбегінде: "Ұстаздар қауымы ұлттың жаңа сапасын қалыптастырады. Мұғалім болып, ұрпақ тәрбиелеу – қасиетті миссия" – деп педагогтердің қоғамдағы рөлі мен қызметіне айрықша баға берген болатын. Цифрлық дәуірге қадам басқан тұста мұғалімдерімізге қойылатын талап та жоғары. Жасанды интеллект дамып, технология ұдайы жаңарып, кәсіп түрлері жиі өзгеріске түсуде. Бірақ бала бойына білім мен жігерді, парасат пен ізгілікті дарытатын Ұстаз тұлғасы қашанда өз биігінде қала бермек", – деді Алматы әкімі.

Фото Алматы әкімдігі/1

Ол бүгінде қаланың білім беру жүйесінде 42 мыңнан астам педагог еңбек ететінін жеткізді. Алматылық ұстаздар қаланың көрнекті педагогтері салған сара жолды жалғастырып келеді. Аягүл Төреқызы Миразова "Қазақстанның Еңбек Ері" жоғары атағына ие болған алғашқы педагог атанды. 2024 жылы бұл жоғары атақ № 4 мектеп-интернаттың математика пәні мұғалімі Гүлжанар Молдакерімқызы Нұрпейісоваға берілді. Қазіргі таңда Алматының 16 педагогі "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" құрметті атағын иеленді.

"Бұл Алматыда қалыптасқан мықты педагогикалық мектептің, ұстаздық дәстүр мен кәсіби сабақтастықтың нақты нәтижесі", – деді Дархан Сатыбалды.

Мемлекет алдындағы айрықша еңбегі және білім беру саласындағы елеулі жетістігі үшін алматылық төрт педагог "Құрмет" орденімен марапатталды.

Мемлекеттік наградаға 53 жылдық еңбек өтілі бар Республикалық физика-математика мектебінің физика пәні мұғалімі Сабыр Тұяқбаев, 50 жылын білім беру саласына арнаған еңбек ардагері Тоқтар Абайлда, 37 жылдық еңбек өтілі бар № 138 гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Эльмира Әбдірасылова және білім беру саласында 33 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан № 7 арнайы мектеп-интернаттың логопед мұғалімі Алма Сексенова ие болды.

Фото Алматы әкімдігі/1

№ 87 жалпы білім беретін мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі, 47 жылын педагогикалық қызметке арнаған Наталья Зубенко "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды.

Тағы бес педагог қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында "Алматы дарыны" орталығы бөлімінің меңгерушісі Жібек Сыбанбаева, № 178 мамандандырылған лицей директорының орынбасары Гүлнафис Дәулетбаева, № 136 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нұргүл Жұманбек, № 44 мектеп-гимназияның ағылшын тілі пәні мұғалімі Сусанна Зейналова және № 174 мектеп-гимназияның математика пәні мұғалімі Дәмен Сағатбек бар.

Сондай-ақ рәсім барысында жас педагогтер арасындағы дәстүрлі "Алматы ұстазы – 2026" қалалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауда үздік атанған жеті педагог Қытайда халықаралық тағылымдамадан өтетін болды. Олар Алматы мектептерінде тарих, география, биология, қазақ тілі мен әдебиеті, физика, ағылшын тілі және химия пәндерінен сабақ береді.

"Алматы ұстазы – 2026" байқауының Бас жүлдесін № 92 мамандандырылған лицейдің химия пәні мұғалімі Мықтыбек Тәңірберген Бақытжанұлы иеленді. Жеңімпазға 5 млн теңге көлеміндегі сертификат және Қытайда халықаралық тағылымдамадан өтуге арналған сертификат табысталды.

Байқау финалына қала мектептері мен түрлі пәндік бағыттарды таныстырған жеті педагог шықты. Жас мамандарды қолдау, ұстаз мамандығының беделін арттыру және педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау Алматының білім беру жүйесіндегі басым бағыттардың бірі болып қала береді.

Сайт Әкімшілігі