Қоғам

Алматыда Satbayev University базасында SU Labs Street кеңістігі ашылды

Алматыда ашылған SU Labs Street зертханалар көшесі мектеп оқушыларына, студенттерге ғылымды тәжірибе арқылы тануға мүмкіндік береді.

Фото: Жас Алаш

Тың идеяны өміршең өнімге айналдыру үшін біліммен қатар, оны сынап көруге, жетілдіруге және өндіріске енгізуге мүмкіндік беретін орта қажет. Алматыдағы Satbayev University базасында ашылған SU Labs Street кеңістігі осы міндетті жүзеге асыруға бағытталған.

Фото: Жас Алаш/SU Labs Street

Satbayev University базасында құрылған жаңа кеңістік инженерлік зертханаларды, шеберханалар мен тәжірибелік өндіріс орындарын бір жерге топтастырған. Мұнда ғылыми идеяны ойластырудан бастап, оның алғашқы үлгісін дайындау, жұмысын тексеру, кемшіліктерін түзету және өндіріске енгізуге әзірлеу кезеңдеріне дейінгі жұмыстар атқарылады. Жоба ғылыми ізденісті нақты өнімге айналдыруды жеңілдетіп, отандық технологиялардың дамуына жол ашуды көздейді.

Фото: Жас Алаш/SU Labs Street

Бұл жерге университет мамандары ғана емес, мектеп оқушылары да келіп, заманауи жабдықтармен жұмыс істеп, түрлі бұйымдарды өз қолымен жасап көре алады. Бұған қоса, кәсіби бағдарлау сабақтарына қатысып, қай бағытқа бейім екенін тәжірибе жүзінде байқауға мүмкіндік бар. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, балалар мен ата-аналар оқу сабақтарына тегін қатыса алады. Бұл, әсіресе, болашақ мамандығын таңдауға дайындалып жүрген жасөспірімдер үшін маңызды. Өйткені оқушының физикаға, инженерияға немесе электроникаға қызығуы тек сабақ үстінде қалып қоймай, нақты әрекет арқылы дамуы мүмкін. Құрал-жабдықпен жұмыс істеп, қарапайым бұйымды өз қолымен жасап көру оның қабілетін бағамдауына көмектеседі.

Фото: Жас Алаш/SU Labs Street

Ғылыми зертханаларды көпшілікке ашу арқылы университет ғылымды тек кәсіби мамандар айналысатын күрделі сала ретінде емес, үйренуге, байқап көруге және жаңалық ашуға болатын орта ретінде танытқысы келеді. 

Фото: Жас Алаш/SU Labs Street

SU Labs Street бірнеше бағытты қамтиды. Мұнда үш өлшемді басып шығару, цифрлық жобалау, материалдарды өңдеу, электрондық құрылғылар құрастыру және тәжірибелік өндіріс жұмыстары жүргізіледі. Жобаның ерекшелігі – әр саладағы мамандардың бірлесіп жұмыс істеуіне жағдай жасалған. Егер белгілі бір әзірлеме бірнеше бағыттың тоғысуын қажет етсе, оған тиісті зертханалардың мамандары жұмылдырылады.

Фото: Жас Алаш/SU Labs Street

Кеңістіктегі маңызды нысандардың бірі – Mechanical Prototyping and Pilot Production орталығы. Мұнда инженерлер өз жобаларының алғашқы үлгілерін жасап, олардың жұмыс істеу мүмкіндігін тексере алады. Бұл болашақ өнімнің кемшіліктерін ерте анықтап, оны жетілдіруге және шағын көлемде өндіруге дайындалуға көмектеседі.

FabLab MIT зертханасында цифрлық жобалау мен қажетті бөлшектерді дайындау жұмыстары атқарылады. Ал RTEL зертханасы электрондық құрылғыларды құрастыруға және олардың жұмысын сынауға арналған.

Фото: Жас Алаш/SU Labs Street

Зертханалар көшесінің мүмкіндігі мұнымен шектелмейді. Мұнда ұшқышсыз ұшу аппараттарын әзірлеуге, жаңа материалдардың қасиеттерін зерттеуге, сондай-ақ тау-кен металлургиясы саласындағы өндірістік міндеттерге тың шешімдер іздеуге болады. Осылайша, ғылыми ізденіс тек теориялық зерттеумен шектелмей, өндірістің нақты сұраныстарына жауап беруге бағытталады.

SU Labs Street аясында экологиялық бағыттағы жобаларға да көңіл бөлінген. EcoHub орталығында пайдаланылған пластик қайта өңделіп, одан жаңа бұйымдар жасалады. Қайта өңделген материалдан интерьерге арналған сәндік заттар мен жиһазға дейін дайындауға болады. Бұл бастама қалдықты жай ғана жарамсыз зат ретінде қарастырмай, оны қайта пайдалануға болатын шикізатқа айналдырудың мүмкіндігін көрсетеді. Сонымен бірге материалдарды өңдеу мен жаңа өнім жасау бағытындағы тәжірибені дамытуға жол ашады.

Фото: Жас Алаш/SU Labs Street

«Өздеріңіз көріп тұрғандай, мұнда контейнерлер көп. Пластиктің бірнеше түрі бар, шыны да түрлеріне қарай бөлінеді, макулатура да жеке сұрыпталады. Қазір салынуы жоспарланған барлық зауыт алдымен бізге келіп, өздері өңдегісі келетін шикізатты қалай жинауға болатынын бізбен ақылдасады. Қазір литий-ионды батареяларды қайта өңдейтін зауыт салынып жатыр. Ол ұялы телефондардан, планшеттерден, ноутбуктерден және басқа да электрондық құрылғылардан алынатын батареяларды өңдейді. Зауыттың құрылысы басталып кетті. Кәсіпорын іске қосылған кезде шикізат қоры жеткілікті болуы үшін олар қазірдің өзінде біз арқылы батареяларды жинауға кірісті.

Біз пластиктің екінші, үшінші, төртінші және бесінші түрлерін жинаған алғашқы адамдарға сыйлық табыстадық. Бұл жиһазды жасау үшін дәл осы пластик түрлері пайдаланылады. Өндірістің өзі Алматыда орналасқан. Алайда адамдар дүкендерден осындай бұйымдарды көріп, сатып алып жүрсе де, олардың неден жасалғанын біле бермейді.

4 қыркүйекте біз арнайы акция бастадық. Оның аясында сусабындар мен душқа арналған гельдердің құтыларын, жеміс-жидек торларын және пластиктің осы түрлеріне жататын басқа да заттарды жинап, біздің экологиялық орталықтарымызға – экохабтарға тапсыруға болады», – дейді эколог Евгений Мұхаммеджанов.

Университет әзірлемелерінің нақты қолданысқа енгенін QuatPoint зарядтау станцияларынан да байқауға болады. Бүгінде Қазақстанда осындай 400-ден астам станция өндіріліп, орнатылған. Бұл өнімді жасау барысында инженерлік жобалау, электроника, бағдарламалық қамтамасыз ету және өнеркәсіптік өндіріс бағыттары бір арнада тоғысқан.

Фото: Жас Алаш/SU Labs Street

SU Labs Street аясындағы "Changan шеберханасы" автомобиль саласындағы мамандарды даярлауға арналған. Жоба университеттің М.Тынышпаев атындағы Көлік инженериясы және логистика мектебі, Changan Automobile Group компаниясы және Шыңжаң политехникалық коммуникациялар университетінің ынтымақтастығы аясында жүзеге асқан.

Жаңа зертхана заманауи оқу-өндірістік және диагностикалық жабдықтармен, сондай-ақ арнайы бағдарламалық жасақтамамен қамтамасыз етілген. Мұнда студенттер гибридті және электрлі автомобильдердің құрылысын зерттеп қана қоймай, оларды диагностикалау мен жөндеудің тәжірибелік дағдыларын меңгереді. Оқу барысында болашақ инженерлер электр жетектерімен, тартқыш аккумуляторлармен, басқару жүйелерімен, борттық электроникамен, электрлі ауа баптау жүйелерімен және руль күшейткішінің электрондық басқару тетіктерімен танысады. Сондай-ақ гибридті автомобильдердің техникалық жағдайын анықтауды үйренеді.

Фото: Жас Алаш/SU Labs Street

"Changan шеберханасы" тек білім беру алаңы ретінде ғана емес, ғылыми-зерттеу орталығы ретінде де пайдаланылмақ. Мұнда Қазақстан мен Қытай мамандары бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асырып, автомобиль өнеркәсібіндегі озық технологиялар мен кәсіби тәжірибені алмасуды көздейді.

Жобаның негізгі мақсаты – көлік өнеркәсібіндегі технологиялық өзгерістерге бейім, электрлі және гибридті автомобильдермен жұмыс істей алатын білікті инженерлер даярлау.

Университет ректоры Мейрам Бегентаевтың айтуынша, зертханалар мен шеберханалардың бір кеңістікте орналасуы жобаны әзірлеуге кететін уақытты қысқартып, идеяны жұмыс істейтін үлгіге дейін жеткізуге көмектеседі. Оның сөзінше, кәсіпорындар өздеріне қажетті технологиялық шешімдерге тапсырыс бере алады. Ал ғалымдар мен студенттер сол сұранысқа сай әзірлемелер жасап, сынақ жүргізіп, тәжірибелік үлгілерді дайындайды. Мұндай өзара байланыс білім беру мен өндіріс арасындағы алшақтықты азайтып, инженерлік жобалардың нақты қажеттіліктерге бейімделуіне жол ашады.

Фото: Жас Алаш/SU Labs Street

SU Labs Street жобасы ғылыми зерттеулерді коммерцияландыруға, университет пен өнеркәсіп арасындағы әріптестікті кеңейтуге және Қазақстанда жасалатын инженерлік шешімдердің дамуына ықпал етуді көздейді. Сонымен бірге бұл алаң болашақ мамандардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, кәсіби дағдысын жетілдіруіне мүмкіндік береді.

Ғылыми жаңалықтың ел экономикасына пайда әкелуі үшін оның зертханадан шығып, нақты қолданысқа енуі маңызды. Алматыда ашылған жаңа кеңістік осы жолдағы мүмкіндіктерді кеңейтіп, отандық мамандардың өз идеяларын жүзеге асыруына жағдай жасамақ.

 

Сайт Әкімшілігі