Қоғам

Алматыдағы 5 адамның өмірін қиған өрттен аман қалған тұрғындар оқиғаның қалай болғанын айтып берді

26 қарашаға қараған түні Алматының Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйлер орналасқан аумақта, Rams City тұрғын үй кешеніне жақын маңда болған.

Фото скриншот

Сол үйде тұрған Анара Тұрғанбаева таңғы сағат төрттер шамасында оянып, терезе сыртындағы жалынды байқаған. Ол дереу отбасы мүшелерін оятып, есіктен шығуға әрекеттенген. Алайда дәлізді қою түтін басып, сыртқа өту мүмкін болмаған.

"Тыныс алу мүмкін болмады. Сондықтан есікті жауып, терезеден сыртқа шықтық. Үстімізде қандай киім болса, сол күйі қаштық", – деді ол.

Отбасы көрші үйдің ауласына өтіп, аман қалған. Ол кезде оқиға орнына өрт сөндірушілер де жетіп үлгерген.

Тұрғынның айтуынша, үйдегі жеті-сегіз бөлме жалға берілген. Әрқайсысында екі-үш адамнан тұрған. Оның сөзінше, өрт салдарынан екі ер адам, 60 жастағы әйел, оның 40 жастағы қызы және төртінші сыныпта оқитын қыз бала қаза тапқан. Алайда марқұмдардың саны мен жеке басы әзірге ресми түрде расталған жоқ. Аман қалғандардың арасында үш кішкентай баласы бар отбасы да болған.

Үй газбен жылытылған, ал тамақ газ баллондарымен әзірленген. Тұрғындардың сөзінше, онда үш баллон болған. Анара олардың бар екеніне бұрыннан алаңдағанын жеткізді. Өрттің нақты неден шыққаны әзірге белгісіз, мамандар себебін анықтап жатыр.

"Бәрі жанып кетті, ештеңе қалмады. Тек телефонды ғана алып үлгердік", – деді Тұрғанбаева.

Тілсіз жаудан баспанасы бүлінген тоғыз адам қонақүйге орналастырылды. Өйткені олардың басқа баспанасы жоқ. Оларға құжаттарын қалпына келтіруге жәрдемдесіп, заңгерлік қолдау да көрсетіледі.

Қаза тапқандарды жерлеу рәсімін ұйымдастыруды әкімдік діни қызметкерлермен бірлесіп өз мойнына алған. Қазір оқиға орнында аудан әкімі жүр. Ол тиісті қызметтердің жұмысын үйлестіріп, зардап шеккендерге қажетті көмекті ұйымдастыруда.

Өрттің шығу себебін құқық қорғау органдары анықтап жатыр.

Сайт Әкімшілігі