Әлеумет

Алматыдағы РФММ директоры оқушылардың улану оқиғасынан кейін қызметінен кетті

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебі филиалының директоры қызметінен кетті, деп хабарлады Курсив.

Фото: ашық дереккөзден

Бұл шешім қазан айында мектептің 58 оқушысы ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға түскен оқиғадан кейін қабылданған.

Мектептің баспасөз қызметі басылымға директордың өз еркімен жұмыстан кеткенін мәлімдеген.

Еске салайық, 12 қазаннан бастап Алматыдағы балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасына РФММ оқушылары жаппай түсе бастаған. Олардың барлығы мектеп-интернатта тұрған. Дәрігерлер балалардан жіті ішек инфекциясының белгілерін анықтаған.

Оқушыларды тамақтандыруға жауапты Master Food компаниясының ас блогына жүргізілген тексеру кезінде бірқатар заңбұзушылық анықталған. Атап айтқанда, азық-түлікті сақтау, дайын тағамнан тәуліктік сынама алу және тамақтандыруды ұйымдастыру талаптары бұзылған.

Осы дерек бойынша Алматы қаласы Бостандық ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс тіркеген. Оқиғадан кейін мектеп уақытша қашықтан оқыту форматына көшіп, интернат пен асхана жұмысы тоқтатылған.

Сайт Әкімшілігі