Әлеумет

Бес адам қаза тапқан үйді өртеген болуы мүмкін деген әйелдің видеосы тарады

Алматыда бес адам қаза тапқан өрт: үйді қасақана өртеген болуы мүмкін

Фото скриншот

Алматыда бес адамның өмірін қиған өртке қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Тергеу органдары үйді қасақана өртеу нұсқасын қарастырып жатыр. Бұл туралы журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында хабарлады.

26 қарашаға қараған түні Вахтангов көшесіндегі сегіз бөлмелі жеке тұрғын үй өртенген. Үйде баспана иелерімен бірге бірнеше отбасы жалдамалы пәтерде тұрған.

Өрт салдарынан бес адам, оның ішінде Өзбекстанның екі азаматы, 64 жастағы әйел мен оның 41 жастағы қызы, сондай-ақ тоғыз жасар қыз бала қаза тапқан.

Козачковтың дереккөзінің мәліметінше, өрттің қасақана қойылуы мүмкін деген күдік бар. Оқиғаға қатысты бейнебақылау камерасының жазбасы да тергеу барысында тексеріліп жатыр.

Қазір құқық қорғау органдары оқиғаға қатысы болуы ықтимал әйелдің жеке басын анықтаған. Алайда оның өртке қатысы бар-жоғы әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі – абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі бойынша тергеліп жатыр. Аталған бапта бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Алматы