Сараптама

Алматының ауызсуынан табылған бактерия қаншалықты қауіпті?

Алматының ауызсуынан табылған бактерия қаншалықты қауіпті?

Фото JasAlash /ЖИ

Алматылықтар үйіндегі құбырдан аққан ауызсуды алаңсыз іше ала ма? Ал арнайы қондырғы орнатылып, сүзгіден өткен суды пайдалану қаншалықты қауіпсіз? Осы сауалдың жауабын білмек болған Тұтынушылар ұлттық лигасының президенті Светлана Романовская өзі тұратын пәтердегі ауызсуды зертханаға тапсырып көріпті. 

Светлана Романовская Әуезов көшесі, 64/4 мекенжайындағы пәтеріне жаңа су сүзгісін орнатып, оның суды қаншалықты тазарта алатынын тексергісі келген. Осы мақсатта ол тазартылған су мен кәдімгі краннан ағып тұрған судан сынама алып, арнайы зертханаға жібереді. Алайда сараптама нәтижесі көңіл көншітпеген. Мамандар суда Pseudomonas aeruginosa, яғни көк ірің таяқшасының барын анықтапты. 

"Бізге сапасыз тауарларға қатысты шағымдар көп түседі. Осы мақсатта, пәтерге орнатылған су сүзгісінің сапасына қатысты да сұрақтар туындады. Құрылғы суды қаншалықты тазарта алады? Судың тазарғанына кәміл сеніп, сүзгіні ойланбастан әрі қарай пайдалана береміз. Сол себепті оның талапқа сай екеніне 100 пайыз көз жеткізу үшін одан сынама алып, зертханаға тапсырдық. Үйіңіздегі судың сапасын тексерту 64 мың теңге тұрады. Бұл жай ғана жүргізілген тексеріс емес. Зерттеу барысында судың барлық құрамдас бөлігі мен өзге де көрсеткіштері қаралды. Оның үстіне кәдімгі су да, сілтілі су да тексерілді. Нәтижесінде екі сынамадан да көк ірің таяқшасы анықталды", – дейді Романовская.

Ол бұл жағдайға бейжай қарай алмаған. Өйткені анықталған бактерияның салдары қандай болатынын жақсы білетінін айтады. 

"Осыдан он жыл бұрын құрбым көк ірің таяқшасын жұқтырып, ауырған. Ол бұл бактерияны бассейнде жұқтырған. Сол кезде осы жағдайға байланысты тергеу жүргізіліп, басқа да шаралар қолға алынған еді. Құрбымның өкпесінен үш рет сұйықтық сорып алуға тура келді. Көк ірің таяқшасы жай ғана жеңіл инфекция емес. Әсіресе балаларға әсері ауыр болуы мүмкін", – дейді ол.

14 қыркүйектегі алғашқы зерттеуде сүзгіден өтіп, тазартылған сілтілі су тексерілген. Зертхана хаттамасында сілтілі судағы микроорганизмдер мөлшері рұқсат етілген 50 көрсеткіштен асып, 210-ға жеткені жазылған. Бұл белгіленген шектен төрт есе көп. Ал 28 қыркүйекте үйдегі краннан ағатын және сүзгіден өткен су қайта сараптамаға тапсырылған. Бұл жолы микроорганизмдердің жалпы саны қалыпты деңгейде болғанымен, екі сынамадан да көк ірің таяқшасы табылған. Зертхана құжаттарында тексерілген басқа көрсеткіштердің белгіленген нормадан аспағаны көрсетілген.

Романовская алғашқы зерттеу нәтижелерінен кейін "Алматы Су" мекемесіне хабарласып, ауызсуды өздерінің де тексеруін сұраған. Алайда кәсіпорын өкілдері қолданыстағы мемлекеттік стандартта көк ірің таяқшасы жеке көрсеткіш ретінде қарастырылмағанын, сондықтан оны міндетті түрде тексеру талап етілмейтінін айтқан. Мәселенің мән-жайына келсек, көк ірің таяқшасының Қазақстанда құбыр суын тексеру кезінде міндетті түрде анықталуға тиіс санитарлық көрсеткіштер тізіміне кірмейтіні белгілі болған. Қоғам белсенділері мұндай тәртіппен келіспейді. Сондықтан олар Денсаулық сақтау министрлігіне жүгініп, санитарлық нормаларды қайта қарауды және көк ірің таяқшасын құбыр суынан міндетті түрде тексерілетін бактериялар тізіміне енгізу қажеттігін қарастыруды ұсынған.

"Біз арнайы өкілдерді шақырттық. Олар біздің қандай мәселені көтеріп отырғанымызды жақсы білді. Келіп, судан сынама алды. Алайда кейін: "Көк ірің таяқшасы анықталған жоқ", – деді. Тағы бір жайт, суға қатысты қауіпсіздік шегін белгілейтін мемлекеттік стандарт бар. Онда белгілі бір көрсеткіштер қарастырылған. Ал су қауіпсіздігі стандарттарының тізімінде көк ірің таяқшасының бар-жоғын анықтайтын көрсеткіш жоқ. Яғни Қазақстанда, соның ішінде Алматыда ғана емес, еліміздің барлық өңірінде бұл бактерияға қатысты тексеру жүргізілмеген деген сөз", – дейді Светлана Романовская. 

Тұтынушылар лигасы басшысының айтуынша, егер көк ірің таяқшасы ескі үйдің құбырларында пайда болса, одан құтылу үшін құбырларды толығымен ауыстыру қажет. Өйткені бактерияны толық жою өте қиын. Оның үстіне ол өте жылдам көбейеді.

"Біз бұл мәселені әрі қарай да зерттейміз. Суды қайтадан сынамаға алып, Алматының әртүрлі аудандарында тексеру жүргізбекпіз. Оның нәтижелерін жариялап отырамыз. Бірнеше үйді салыстырып көргім келеді. Мәселен, жаңа үйлердегі судың сапасын 50-60 жыл бұрын салынған ескі үйлердегі судың сапасымен салыстыру қажет. Өйткені ескі үйде тұратындар құбырлардың бәрін бірден ауыстыруға қаражат жағынан шамалары жетпейді. Бұрын әр 30 жыл сайын көпқабатты үйлерге күрделі жөндеу жүргізу керек деген талап болған. Қазір, өздеріңіз көріп отырғандай, мұның бәрі жекеменшікке өткен. Ал қазір біздің басты талабымыз су қауіпсіздігі стандарттарына көк ірің таяқшасын анықтайтын көрсеткішті енгізу болып отыр", – дейді С. Романовская. 

"Алматы Су" не дейді?

Кәсіпорын өкілдері ауызсудың сапасы тәулік бойы бақылауда екенін және жүргізілген тексерулер бойынша оның қолданыстағы талаптарға сәйкес келетінін мәлімдеді. Компанияның хабарлауынша, 20 қазанда мамандар Әуезов көшесіндегі тұрғын үйден су сынамаларын алған. Зертханалық тексеру кезінде физикалық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштер бойынша ауытқу тіркелмеген. Сонымен қатар кәсіпорын Романовская ұсынған хаттамаларда микроорганизмнің краннан алынған суда да, тұрмыстық сүзгіден өткен суда да анықталғаны көрсетілгенін растады. Алайда құжаттарда оны анықтау әдістемесі жазылмаған. "Алматы Су" өкілдері көк ірің таяқшасы су құбыры суын міндетті түрде тексеруге жататын бактериялар тізіміне кірмейтінін де атап өтті. Сондықтан ұсынылған зертханалық хаттамаларға сүйеніп, микроорганизмнің қалалық су құбыры желісінде бар екенін немесе ауызсудың санитарлық талаптарға сай келмейтінін нақты айтуға болмайды деп есептейді.

Кәсіпорын мәселені қосымша зерттеуді жоспарлап отыр. Бұл жұмысқа аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органы да тартылмақ. Жаңа тексеру барысында су тек тұрғын үйдің ішінен ғана емес, бірнеше нүктеден алынады. Атап айтқанда, мамандар қалалық су құбыры желісін, ғимаратқа су кіретін тұсты және үйдің ішкі су жүйесін зерттемек.

"Көк ірің" таяқшасы (Pseudomonas aeruginosa) – адам ағзасында ауру туғызуы мүмкін бактериялардың бірі. Ол көбіне иммунитеті әлсіреген адамдарға қауіпті. Кей жағдайда өкпе, зәр шығару жолдары, тері мен көзді зақымдап, ауыр инфекцияға ұласуы мүмкін. Бұл бактерия антибиотиктердің бірқатар түріне төзімді келеді. Сондықтан одан туындаған инфекцияны емдеу оңайға соқпайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да "көк іріңді" антибиотикке төзімділігі жоғары бактериялардың қатарына қосқан.

Гүлдана Біләлқызы, эпидемиолог дәрігер: Сүзгілердің барлығы бірдей көк іріңнен қорғай алмайды

Көк ірің таяқшасы (Pseudomonas aeruginosa) – қоршаған ортада, соның ішінде топырақ пен суда кең таралған шартты патогенді бактерия. Бактерия су құбырларына бірнеше жолмен түсуі мүмкін. Біріншіден, суды тазарту кезінде микроорганизмдер толық жойылмаса, олар жүйеге бастапқы сумен бірге енеді. Екіншіден, құбыр жарылғанда, жөндеу жұмыстары кезінде, герметикалығы бұзылғанда немесе су кері аққанда су жүйесі қайта ластануы мүмкін. Құбырға түскен бактериялар оның ішкі қабырғасына жабысып, көбейеді де, биопленка деп аталатын қорғаныш қабатын түзеді. Кейін осы қабаттан бөлінген микроорганизмдер суға қосылып, жүйені қайта ластауы мүмкін. 

Егер су құбырларынан көк ірің таяқшасы анықталса, бірден барлық құбырды ауыстыру міндетті емес. Ең алдымен бактерияның қайдан таралғанын және қай жерде шоғырланғанын анықтау қажет. Ол орталық су құбырында, үй ішіндегі желіде, жекелеген құбыр бөліктерінде, сантехникалық жабдықтарда немесе сүзгілерде болуы мүмкін. Тексеру нәтижесіне қарай жүйенің ластанған тұстарын механикалық тазарту, су сақтайтын резервуарларды жуу және дезинфекциялау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар су араластырғыштардың аэраторларын тазалап немесе қажет болса ауыстырған жөн. Егер құбырлар коррозияға ұшырап, қатты ластанса немесе оларды тиімді тазарту мүмкін болмаса, жекелеген бөліктерін ауыстыру қажет болуы мүмкін. Ал бүкіл жүйені жаңарту тек техникалық және санитарлық-эпидемиологиялық көрсеткіштерге сәйкес шешіледі. Жұмыстар аяқталған соң суға қайтадан зертханалық талдау жасалып, оны пайдалануға жауапты мамандардың қорытындысы негіз болады.

Ал тұрмыстық сүзгілердің барлығы бірдей көк ірің таяқшасынан қорғай алмайды. Олардың тиімділігі құрылғының түріне, сүзгі элементінің сапасына, саңылауларының көлеміне және уақытылы ауыстырылуына байланысты. Мәселен, кәдімгі көмір сүзгілері судың дәмі мен иісін жақсартқанымен, бактерияларды толық жоюға кепілдік бермейді. Ал кері осмос мембраналары бүтін әрі дұрыс пайдаланылған жағдайда микроорганизмдердің мөлшерін едәуір азайта алады. Ультрафильтрация және ультракүлгін сәулемен зарарсыздандыру жүйелері де қосымша қорғаныс береді. Дегенмен сүзгілер уақытылы тазартылмаса немесе картридждері ауыстырылмаса, олардың өзі микроорганизмдер жиналатын ортаға айналуы мүмкін. Сондықтан сүзгінің күтіміне ерекше мән беру керек. Егер Алматыда сүзгіден өткен судың өзінен көк ірің таяқшасы анықталса, сүзгі жүйесін жеке тексеру қажет. Бұл бактерияның сүзгіден өтіп кеткенін білдірмейді. Ол сүзгінің ішіне, су жинайтын ыдысқа, кранға немесе сүзгіден кейінгі құбыр бөлігіне түсуі мүмкін. Сондықтан ластану көзін нақты анықтамай тұрып, сүзгінің сапасына қатысты біржақты қорытынды жасауға болмайды.

Бұл микроорганизм – ауасыз ортада, яғни оттегі жоқ жерде жақсы өсетін аэробты емес ағза. Сол үшін де оларға су құбырлары көбеюге қолайлы орта. Әлбетте, мұндай бактериямен ластанған суды тұтынуға бола ма деген сұрақ туындайтыны анық. Егер адамның денсаулығы мықты болса, асқазанында ешқандай жара немесе ауру түрлері болмаса және ағзаның қорғаныс қабілеті жеткілікті болса, бұл аса қауіпті емес. Алайда кейбір адамдар үшін, әсіресе иммунитеті әлсіреген жандар үшін, инфекция жұқтыру қаупі әлдеқайда жоғары. Сондықтан мұндай суды міндетті түрде қайнатып, тек содан кейін ғана қолданған жөн. Денеде ашық жарақаттар бар болса, мұндай суға шомылмаған дұрыс.

Маржан Сәбет 

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Алматы Ауыз су