Саясат

Әлтаевтың артында тұрған қандай күш?

Билік партиясынан шығарылып, мәжілістегі мандатынан айырылған Нұржан Әлтаев туралы ел аузында әрқилы әңгіме бар.

Jasalash.kz

Мәжілістің осы шақырылымының мерзімі бір айдан кейін бітеді. Онсыз да өкілеттігі аяқталып бара жатқан Әлтаевты депутаттық мандаттан айыру «Nur Otan-ға» не үшін қажет болды?

Қажет болғанда қандай! Мұны партияның «ұзын арқан, кең тұсауына» көнбегендерге, партияның артқан үмітін ақтамай, бүлік шығаруды жоспарлап жүргендерге, бөтен ойлыларға берілген қатаң ескерту деп қарау керек. Өйткені алдағы уақытта бүйректен сирақ шығаратындардың қатары көбейіп кетуі мүмкін деген қауіп бар.

Біз  Нұржан Әлтаевтың алда атқаратын шаруасына, жоба-жоспарларына  емес, оның өткен өміріне көз жүгірткенді жөн санап отырмыз. Сонымен, Нұржан Әлтаев кім?

Болашақ «оппозиционер» Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.  Шымкенттегі Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша  тамамдаған. 2000 жылдардың басында ол осы оқу орнында студенттік проректор қызметін атқарды. Бұдан кейін екі жыл ішкі істер министрлігінде еңбек етті. 2007 жылдан бастап «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында департамент директоры болды. Бұл жылдары корпорацияға Асқар Мырзахметов басшылық жасаған-ды. 2009 жылдың наурызында Мырзахметов Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Бір жылдан кейін ол Әлтаевты облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының басшысы қызметіне алып келді.

 Бұл тағайындаудың әдеттен тыс болғаны рас. Өйткені Әлтаев мамандығы бойынша заңгер. Заңгер өңірдің өнеркәсібі мен кәсіпкерлігіне басшылық жасай ала ма? Көпшіліктің көкейінде осындай сауалдың тұрғаны анық еді. Жалпы, сол жылдары Мырзахметовтің кадрға қатысты шешімдерінде түсініксіздіктер көбейді. Мәселен, әкім құрылыс басқармасына мамандығы бойынша бұл салаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын не жинаған тәжірибесі жоқ  кеденшіні, енді бірде механикті әкеліп тағайындады. Әлтаев та сондай кездейсоқ кадрлардың бірі сияқты көрінетін-ді.

Нұржан Бауыржанұлы ә дегеннен  мемлекеттік тілде еркін сөйлей алмайтын шенеунік ретінде көзге түсті. Облыс әкімдігінде өткен жиындарда әңгімесін қазақ тілінде бастап, аздан кейін орыс тіліне ауысып кететін. Сол жылдары ол басқармада тәжірибесі мол өзінің орынбасары мен тағы үш қызметкерді негізсіз қысқартып жібергені үшін тәртіптік кеңестің ұсынысымен қатаң сөгіс жазасын алғаны бар. Әлтаев облыстың өнеркәсібі мен кәсіпкерлігін анау айтқандай құлпыртып жібере алған жоқ. Облыс әкімдігіндегі жиындарда Оңтүстік Қазақстан облысының аталған салалар бойынша артта қалып келе жатқаны айтылатын. Басқаны былай қойғанда, сол жылдары Назарбаевтың өзі ашқан «Азиякерамика» кәсіпорнының тоқтап тұрғаны ақпарат құралдарында көп көтерілді. Керамогранит  өнімдерін шығаратын зауыттың құрылысына бюджеттен миллиондаған доллар жұмсалған болатын. Алайда түрік инвесторлары жетекшілік еткен кәсіпорынның түтіні түзу ұшпады. Ақыр соңында түріктер бәрін тастап кетіп қалды, зауыт бертінде басқа инвесторға сатылып кетті. Әлтаев басқарма басшысы қызметін бір жыл ғана атқарды. Осының өзі-ақ оның артылған  сенімді толық ақтай алмағанын білдіретін сияқты. Бірақ Әлтаевтың тағдыр жолы осы кезден бастап өнеркәсіппен және кәсіпкерлікпен біржолата байланысып қалды.

Одан кейінгі жылдары ол кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры қызметін атқарып, 2013 жылы  «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына ауысты. Әуелі палатаның Оңтүстік Қазақстан облыстық өкілдігіне жетекшілік етті. Кейінірек басқарма төрағасының орынбасары лауазымына отырды. Осылайша әуелі Абылай Мырзахметовке орынбасар болған Әлтаев 2017 жылы ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің орынбасары лауазымына тағайындалды. Артынша Мырзахметов Жамбыл облысының әкімі қызметіне ауысып кетті. Әлтаев бұл қызметте бір жыл отырып, 2018 жылы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрінің креслосына отырды. Былтыр  ақпанда «Nur Otan» партиясының атынан мәжіліс депутаты болды.

Атап айтарлығы, Әлтаев осыдан біраз жыл бұрын белгілі гимнасшы,  еліміздің мақтанышы Әлия Жүсіповаға үйленген болатын. Араларында бір ұл, бір қыз бар. Жас жұбайлар кейін ажырасып кетті. Кейбір ақпараттарға қарағанда, партияға айналғалы жатқан «Ел тірегі» ұйымы осыдан сегіз жыл бұрын «Атамекеннің» қанаты астында құрылған көрінеді. Ұйым Әлтаевтың қазіргі жұбайының атына тіркелген сыңайлы.

 Әлтаевтың партиялық тәртіпті бұзуы, алабөтен мінез көрсетуі биыл күзде басталды. Жуырда қазақстандық бір топ саяси белсендінің Украинаға барып,  Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилимен кездескені, оған шапан жапқаны әлеуметтік желіде кеңінен жарияланды. Осы белсенділердің қатарында Нұржан Әлтаев та төбе көрсетті. Билік партиясында жүрген депутаттың мұнысын әдеттен тыс, тіпті төтенше жағдай ретінде қарастыруға болатын еді.

Әлтаевтың партия құру туралы бастамасының ар жағында кәсіпкер, соңғы уақытта өзінің жобаларын жүзеге асыру үшін  Украинада жүрген Марғұлан Сейсембаев немесе экс-президенттің күйеубаласы, қазақстандық  миллиардер Тимур Құлыбаев тұруы мүмкін. Әлтаев пен Сейсембаевты Саакашвили ортақтастырады. Ал оның Құлыбаевпен біраз жыл «Атамекенде» бірге жұмыс істегені белгілі. Бұған дейін «Adal» партиясының да ар жағында  Құлыбаевтың тұрғаны айтылған. Егер осының бәрі рас болса, Құлыбаевтың бір басына екі партияның не қажеті бар? Түсініксіз...

Бақытжан Әбдірашұлы
Тегтер: Без Тега