«Алтын Орданың мұрасы»: креативті индустрия өңірлік брендтерді дамытуға серпін берді
Елордадағы Qazaq Creative Hub алаңында республикалық «Creative Aimaq» жобасы аясында Ұлытау облысының «Алтын Орданың мұрасы» атты креативті жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Екі күнге созылған мәдени іс-шараға шамамен 6 мыңға жуық адам қатысты.
Жәрмеңке барысында келушілер Ұлытау өңірінен келген шығармашылық өкілдерінің жұмыстарымен танысты. Көрмеге зергерлік бұйымдар, ұлттық қолөнер туындылары, этно стильдегі дизайнерлік киімдер, былғары және киізден жасалған бұйымдар, кәдесыйлар, сәндік-қолданбалы өнер туындылары, суреттер мен дәстүрлі құрақ техникасымен дайындалған тоқыма өнімдері қойылды.
Жобаға Ұлытау облысынан келген 60-қа жуық креативті индустрия өкілі қатысты. Олар өңірдің мәдени ерекшелігін танытып қана қоймай, өз өнімдерін кең аудиторияға ұсынуға мүмкіндік алды. Мұндай бастамалар жергілікті брендтердің танымалдығын арттырып, шығармашылық кәсіпкерлердің жаңа нарықтарға шығуына жол ашады.
Іс-шара бағдарламасының маңызды бөлігі – Ethno Fashion Show сән көрсетілімі болды. Қазақстандық дизайнерлер Алтын Орда дәуірінің тарихи мұрасынан шабыт алған заманауи киім үлгілерін көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар, мәдени бағдарлама аясында концерттік кеш ұйымдастырылып, келушілерге ұлттық мәдениет пен қазіргі шығармашылық бағыттарды ұштастырған өнер көрсетілді.
«Creative Aimaq» жобасы өңірлердің шығармашылық әлеуетін танытуға, отандық креативті индустрияны қолдауға және Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын кеңінен дәріптеуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде өз тиімділігін көрсетті.