"Алтын алқа" мен "Күміс алқаны" уақытында бермеген: Маңғыстау облысында әкімдік қызметкерлері жауапқа тартылды
Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында құжаттарды рәсімдеу мерзімінің созылуына байланысты 10 көпбалалы ана мемлекеттік наградаларын уақытында ала алмаған.
Аудан прокуратурасы тексеру барысында әкімдіктің жауапты қызметкерлері марапаттауға қажетті құжаттарды дайындау және жолдау мерзімдерін негізсіз кешіктіргенін анықтады.
Салдарынан аналар өздеріне тиесілі "Алтын алқа" және "Күміс алқа" наградаларын уақытында алып, заңда қарастырылған әлеуметтік қолдау шараларын пайдалана алмаған.
Прокуратура араласқаннан кейін 10 әйелдің де құқығы қалпына келтіріліп, оларға мемлекеттік наградаларды табыстау қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар мұндай заңбұзушылықтардың қайталануына жол бермеу және марапаттау құжаттарын уақытылы рәсімдеу бойынша шаралар қабылданды. Жауапты жергілікті атқарушы орган қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.