Оқиғалар

Алыс көкжиекті болжау: Тоқаев стратегиялық даму жөніндегі сарапшылар тобының құрамын бекітті

Алыс көкжиекті болжау: Тоқаев стратегиялық даму жөніндегі сарапшылар тобының құрамын бекітті

Фото Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ұзақ мерзімді даму бағыттарын айқындауға арналған сарапшылар тобының құрамын бекітті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сарапшылар тобы туралы" өкімге қол қойды.

Ақорда мәліметінше, жаңа сарапшылар тобы Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде жұмыс істейді. Оның негізгі мақсаты – Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуының басым бағыттарын айқындау және стратегиялық шешімдерге ғылыми-сараптамалық негіз дайындау.

Сарапшылар тобы елдің болашақ даму бағыттарына қатысты тұжырымдамалық тәсілдерді әзірлеп, оларды жан-жақты талқылайды. Сондай-ақ аналитикалық, әлеуметтанулық және форсайт-зерттеулердің нәтижелерін қарастырады.

Форсайт-зерттеулер – болашақта болуы мүмкін экономикалық, әлеуметтік және технологиялық өзгерістерді алдын ала бағалап, ұзақ мерзімді даму сценарийлерін жасауға бағытталған зерттеулер.

Сарапшылар тобының жұмыс органы болып Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты белгіленді.

Жаңа органның отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі. Алайда бекітілген тәртіп бойынша сарапшылар тобы айына кемінде бір рет жиналуы тиіс.

Отырыстарға топтың тұрақты мүшелерінен бөлек, мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың, бизнес өкілдерінің, азаматтық қоғам институттарының және сарапшылық қауымдастықтың мамандары шақырылуы мүмкін.

Осылайша, жаңа консультативтік орган Қазақстанның ұзақ мерзімді даму перспективаларын талқылап, стратегиялық басымдықтарды ғылыми тұрғыдан негіздеуге қатысады.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Тоқаев