Сараптама

«AMANAT» партиясын Әулиеатада Қарашөкеев билеп-төстей ме?

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевпен сөзге келіп қалған облыстық мәслихаттың экс-депутаты Дамир Ташқараев өз құқығын қорғап, соттасып жатыр. Ол мандаттан айырылуының басты себебі – сессияда әкімнің сөзін бөлгені деп санайды.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Дамир Ташқараев мандатынан айырылу тарихын егжей-тегжейлі баяндап, бұл шешімнің ресми нұсқасынан гөрі саяси астары басым екенін айтты. Оның сөзінше, өзіне тағылған айыптаулар «Жайлы мектеп» жобасына қарсы болды, базарда әдепсіздік танытты» деген уәждер – кейіннен қолдан жасалған сылтау ғана.

«Қарашөкеевтің уақытты алып отырғанын айттым»

Былтыр наурыз айында Дамир Ташқараев депутаттық сауал жолдау үшін құзыретін пайдаланып, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің сөзін бөліп, нақты мәселеге көшуді сұраған. Аталған оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен таралды. Осыдан кейін небәрі он екі күн ішінде Ташқараев «AMANAT» партиясының қатарынан шығарылып, келесі күні депутаттық мандатынан айырылды. Бұған мәслихат төрағасы А.Нұралиевтің «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық филиалы төрағасы Д.Бейсенқұловқа депутатқа қатысты шара қабылдау туралы жолдаған хаты себеп болған. Нәтижесінде партияның облыстық бюросының алты мүшесі Ташқараевты партиядан шығару туралы шешім қабылдаған.

Айыптауда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында әкімдік бөлген жерге мектеп салуға қарсы болды және әріптестерін соған үгіттеді», сондай-ақ «Ауыл береке» базарын зерделеу барысында депутаттық әдеп нормаларын сақтамай, дөрекілік танытты» деп жазылған. Егер мәслихат төрағасы келтірген уәждер шындыққа сәйкес келсе, неге партия тарапынан тиісті шаралар дер кезінде қабылданбады деген сұрақ туындайды. Қазіргі уақытта экс-депутат өз құқығын қорғап, партияның облыстық филиалымен соттасуда. Бұл іс жақында кассациялық сотта қаралады.

«2025 жылы 19 наурызда Жамбыл облыстық мәслихатының сессиясында облыс әкімінің баяндамасы күн тәртібінде жоқ болды. Алайда Қарашөкеев 10 минуттан артық сөйледі. Сосын мен «бар нәрсеге көшіп, нақты мәселені айтайық» деген ұсыныс айттым. Ол кісі менен «немен келіспей отырсыз?» деп сұрады. Мен «уақытты алып отырғаныңызбен келіспей отырмын» деп жауап бердім. Кейін кешірім сұрады, ары қарай шара жалғасты. Бар болғаны осы ғана», – дейді Ташқараев.

Тағылған айыптың бірі – «Жайлы мектеп» жобасы туралы экс-депутат 2024 жылы мәселе көтерген. Ақырында, ол мектеп қағаз жүзінде бар болғанымен, шын мәнінде жоқ мектеп болып шыққан.

Бұл туралы былай дейді: «Облыстық мәслихат төрағасының хатында маған қатысты үш мәселе айтылған. Мысалы, мені айыптаған «Жайлы мектеп» мәселесі 2024 жылы қаңтар-ақпан айларында болған. Сол кезде мен партия бағдарламасына кедергі келтірген болсам, неге бір жылдан кейін ғана кінәлап отыр? Мәселенің мәні – ол жердегі унитаздағы ең кіші бак 4,5 литр. Күніне қанша су кететінін есептей беріңіз. Ол су қайда кетеді. Септик – жер үйдегі 5 адамға арналған нәрсе ғой. Мен соны айттым. Аяғында келгенде мектеп жоқ болып шықты. Ол кезде мен осыны айтқаным үшін билік тарапынан ешқандай мәселе болған жоқ еді».

Мәслихаттың айыптауларының тағы бірі мынау: экс-депутат базар мәселесін көтеріп, ондағы кейбір кемшіліктерді көрсеткен.

«Ол базарда кірген көліктерден ақша алады екен. Біздің анықтағымыз келгені – салық органы базардағы салықты қалай есептейтіні еді. Басында есептеу енді орнатылатыны немесе орнатылып қойғаны туралы қарама-қайшылық айтылды. Бұдан басқа ешқандай дау болмаған. Бұл мәселе 2025 жылы қаңтар айында көтерілді. Егер маған қатысты сұрақ болса, уақытында атыма арыз жазылу қажет еді. Бірақ ешқандай арыз жазылмады. Жалпы екі жылдық депутаттық қызметімде жалғыз осы Нұралиевтің атынан бір парақ арыз түсіп отыр», – дейді экс-депутат.

Фото: Жас Алаш

«Сессияда мамамды туған күнімен құттықтаған жоқпын...»

Ташқараевты мандатынан айырар кезде шақырып, үш мәселені көрсеткен. Бірақ хатпен танысуға мүмкіндік бермеген. Экс-депутат хатта не жазылғанын да білмеген. Тек сот процесі кезінде ғана танысқан. Алайда айыптаған бюро мүшелерінің алтауы – Ташқараевтың әкімнің сөзін бөліп сөйлегенін әңгіме еткен. Негізгі басымдық соған берілген. Тіпті оған өзін қорғап сөйлеуге де уақыт берілмеген.

«Мен диктафон алып бардым. Оған жазғызбады. Сот процесі кезінде бюро отырысының стенограммасын да сұраттық. Олар бір «бар» деді, кейін «жоқ» деді. Ақырында жоқ боп шықты. Қалалық сот кезінде стенограмманы «біз бергенбіз» деп ашықтан-ашық жалған сөйледі. Түптеп келгенде, біз оны тыңдай алмадық», – дейді экс-депутат.

Бұл дауға қатысты қалалық сот та шешім шығарған. Сот «бұл – партияның ішкі мәселесі» деп іске араласудан бас тартқан. Аталған шешіммен Ташқараев пен оның адвокаты келіспейді.

«Иә, Тараз қалалық соты «сот партияның ішкі жұмысына араласа алмайды, партия – қоғамдық бірлестік» деген мазмұнда шешім шығарды. Менің адвокатым Қанафин ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтына хат жазып, ол жерден «сот араласуға міндетті» деген жауап алды. Тағы бір айта кетерлігі, 2-3 сот процесі болды. Егер «сот араласпайтын болса, неге басынан бастап істі қарайды?» деген сұрақ туады. Олар біз берген дәлелдерді қаперге алмады», – дейді ол.

Д.Ташқараев «мұндағы мақсатым – соттасып мандатымды қайтару емес» дейді.

«Бұған дейін де айтылды. Президент тарапынан да «облыстық мәслихаттар өзінің дәрежесін көтеру керек» екені туралы мәселе сөз болды. Ал өңірдегі мәслихаттың дәрежесін көтеру керек дегенді депутат ашық сұрақ қойып, соның жауабын алу деп түсінемін. Себебі мен халықтың мәселесін көтердім, сессияда жеке мәселемді айтпадым. Мамамды туған күнімен құттықтаған жоқпын. Халықтың мәселесін көтергеннен проблема тумауы қажет. Облыс, аудан және қалалық мәслихаттың ютубта тікелей эфирлері бар. Алайда даусы нашар, сапасыз, анық көрінбейді. Сондықтан сапасын көтеру керек, мәжілістегідей оны да ел білу керек. Бұқара халық соларға дауыс берді ғой. Депутат – билік пен халық арасындағы көпір. Егер ол халықтың мұң-мұқтажын мінберде айта алмаса, ол несіне депутат?!», – дейді Ташқараев.

Ербол Қанафин. Фото: BES.media

Адвокат Ербол Қанафиннің айтуынша, Ташқараевты не үшін мандатынан айырғаны туралы әлі күнге дейін ресми әрі нақты жауап жоқ. Партия шешімі болғанымен, құқықтық негізі толық әрі түсінікті түрде дәлелденбеген. Яғни қандай заң бұзылғаны ашық күйінде қалып отыр. Сотта мәслихат пен партия өкілдері депутаттың теріс әрекеттерін дәлелдейтін құжат ұсына алмаған.

«Қызығы сол, қарсы тарап сүйенген жалғыз құжат апелляция сатысында ғана ұсынылды. Бұл – күні, ресми бланкісі жоқ, «Дамир Ташқараев «Ауыл береке» базарында әдепке сай емес әрекет жасады» деген мазмұндағы қағаз. Құжат шешім жарияланардың алдында ғана пайда болған. Оның үстіне алты адамның екеуінің қолы жоқ. Тіпті қол қойғандардың бірі – Жалмаханова – менің адвокаттық сауалыма жауап беріп, бұл құжатқа қолды апелляциялық шешім жарияланған күні, яғни 2025 жылдың 24 қыркүйегінде қойғанын мәлімдеді», – дейді Ербол Қанафин.

Фото: ашық дереккөз

Президенттен сөгіс алған әкім

Бұл оқиға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің атына бұған дейін де айтылып келген сындардың жалғасы сияқты әсер қалдырады. Өйткені Қарашөкеевтің есімі министр кезінен-ақ бірнеше даулы жағдаймен қатар аталып жүрді. 2022 жылы елде қант тапшылығы күшейіп, дүкен сөрелерінен қант жоғалып, сатуға шектеу енгізілген тұста ол президенттен сөгіс алды. Сол кезеңде аграршылар да министрліктің жұмысына көңілі толмай, жем-шөп тапшылығы, шөп бағасының қымбаттауы және президент тапсырмаларының орындалмауы мәселесін көтеріп, оның отставкаға кетуін талап еткен. Оның үстіне Қарашөкеевтің қымбатшылыққа сарапшылар мен аналитиктерді кінәлағаны қоғамдағы наразылықты одан әрі ушықтырды.

Қарашөкеевтің қоғам сынына реакциясы да көптің көкейінде сұрақ қалдырған. Мәселен, 2022 жылы ол өзін балағаттады деген астаналық тұрғынды сотқа беріп, символикалық түрде 1 теңге өтемақы сұрағанымен, істің соңы азаматқа қоғамдық жұмыс жазасын тағайындаумен аяқталды. Формалды түрде бұл – заңды жол. Бірақ мұндай жағдай шенеуніктің ашық сынға төзімі қандай деген әңгімені қайта қоздатты. Яғни Қарашөкеев төңірегіндегі қоғамдық резонанс басқару стиліне ғана емес, сынға реакциясына да қатысты қалыптасып отыр.

Ербол Қарашөкеев 2023 жылы Жамбыл облысына әкім болып келгеннен кейін де жағдай өзгеріп кетті деу қиын. Керісінше, өңірлік деңгейдегі әлеуметтік және кадрлық түйткілдер жиілеп, оның басқару сапасына қатысты сұрақтар көбейе түсті. Соның бірі – 2024 жылғы желтоқсанда Қордай аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Ғалым Сабыралының суицид жасамақ болғаны. Жария болған шағымдарға қарағанда, бұл оқиға негізсіз тексерулер мен үздіксіз қысымның шегіне жеткен көрінісі ретінде қабылданды. «Жас Алаш» бұл туралы мақала жазды. Қызығы, Қарашөкеев ауыл шаруашылығы министрі кезінде Қордайдың ветеринария саласын үлгі ретінде бағалаған еді. Ал облыс әкімі ретінде сол жүйедегі маманды қорғай алмағаны, керісінше, дағдарыстың тереңдегенін көрсетеді.

Өңірдегі тағы бір ауыр мәселе – құқықтық тәртіп пен сыбайлас жемқорлық. 2025 жылы Жамбыл облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының қызметкері Нұрсұлтан Болатбеков президентке үндеу жасап, мекеме ішіндегі «крыша», парақорлық және қысым жайлы мәлімдеді. Бұл жай ғана шағым емес еді. Себебі бұған дейін аталған инспекцияның басшылығы пара алу фактісімен ұсталып, сот үкімі де шыққан болатын. Демек, өңірдегі проблема жекелеген орындаушылардан ғана емес, бақылау мен жауапкершілік жүйесінің әлсіздігінен туындап отыр.

Ербол Қарашөкеевтің басқару стиліне қатысты қоғамда қалыптасқан тағы бір образ – «оқымысты әкім» бейнесі. Рас, ол кітап оқуға үндеп, тіпті өңірде «Кітап жылын» жариялаған бастамаларымен ерекшеленді. Алайда бұл әрекеттері әлеуметтік желіде жиі әжуаға айналып, жұрт арасында формализмнің көрінісі ретінде қабылданды. Бұл туралы «Жас Алаш» газетінде «Ербол Қарашөкеев. «ОҚЫМЫСТЫ» атты көлемді мақала да жарияланды.

Фото: Жас Алаш Коллаж

Әулиеата жұртының Қарашөкеевке көңілі тола ма?

«Облыс әкімі Қарашөкеевке көңілім толады деп айта алмаймын. Себебі инвестиция жағын алатын болсақ, ол әкім болып келген кезде Қытайға барды. Кейін осы инвестиция бойынша әріптесім Оралхан Дәуіт: «Қытайға инвестиция бойынша екі рет бардыңыздар. Нәтижесі не болды?», – деп сұрады. Әкім жауап бермеді, орынбасарына айтты. Ал орынбасары ауданға сілтеді. Ақырында аудан атқамінерлері «құрылтайшы қайтыс болып кетті, ол жүзеге аспайтын нәрсе» деп жауап берді. Осы сияқты мәселелер көп», – дейді Д.Ташқараев.

Д.Ташқараев «AMANAT» партиясының төрағасы Е.Қошановқа арнаған үндеуін оқыды. Экс-депутат партияның Жамбыл облыстық филиалы төрағасы Дауыл Бейсенқұлов пен облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиевтің лауазымынан кеткенін талап етіп отыр.

«Бұл оқиға мәслихат депутаттарына «әкімге қарсы шықпа» деген ескерту ме?», – деген сұрағымызға Д.Ташқараев «мүмкін, бәрі мүмкін» деп жауап берді. Осы мәселеге байланысты «Жас Алаш» редакциясы «AMANAT» партиясы төрағасы Ерлан Қошановқа, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевке, Жамбыл облыстық мәслихатына және партияның өңірлік филиалына ресми сауал жолдады.

Тұрсынбек БАШАР.

Сайт Әкімшілігі