Кейіпкер

Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ, әскери сарапшы: Wildberries бомба жасап жатқан жоқ

Біріншіден, Wildberries қоймалары Қазақстанда салынса, Украинадан келетін қауіп жоқ деп ойлаймын. Себебі Киевтің Астана мен Алматыға дейін жететін дроны жоқ. Сонымен қатар біз Украинамен соғысып жатқанымыз жоқ. Оның үстіне халықаралық қауымдастықтардың белгілі бір көзқарасы бар.

Фото: ашық дереккөз

Екіншіден, Қазақстандағы Wildberries қоймалары Ресейге тауар тасымалдауда біршама бақылауда тұр. Тиісті құрылымдар арқылы Мәскеу тарапына қосарлы мақсаттағы тауарлардың өтіп кетпеуіне бақылау қойылған. Себебі біздің санкцияға ілініп қалу қаупіміз бар. Еуропа Одағының санкцияны бақылайтын комиссиясы бізге бірнеше рет келген. Олар тексереді, тауарлардың дерегін сұрайды.

Меніңше, Wildberries-пен тасымалданатын тауарлардың көлемі Ресейдегі майданға әсер ететіндей көп емес сияқты. Сондықтан бақылау ары қарай күшейе береді. Қоғам бұл компанияны бақылаудан тыс қалмайды. Азды-көпті бақылау бар. Әрине, жеке адамдар әлдебір тауарды сыбайластықпен өткізіп кету ықтималдылығы сақталғанымен мемлекет ретінде бақылауды сақтап тұрмыз. Оның үстіне Украина дәл қандай заттар екенін нақты айтқан жоқ. Мысалы, «Искандер» зымыранына қажет мынадай микрочип әкелінді» деген сияқты мәлімдеме жасамады. Егер солай айтса, біз де соған қатысты көзқарасымызды қалыптастырар едік.

Қысқасы, «Санкция қаупі бар ма?» деген сұраққа жоғарыда айтып кеткенімдей, оған қатысты біраз іс атқарылып жатыр. Комиссия келеді, тексереді. Сондықтан қоғам бұған қатысты билік шешімін мансұқтамай, керісінше, нақты ақпараттарды зерттеп, зерделеген дұрыс. Себебі дәл қазір Қазақстанды қандай да бір санкцияға ұрындыратындай себеп көріп тұрғаным жоқ. Біздің Ресей экономикасына, оның ішінде Ресей қорғанысына тигізіп жатқан пайдамыз көп емес. Оның үстіне Қытай арқылы Ресейге қажетті заттардың жеткізілетінін де жоққа шығаруға болмайды. Бізде дипломатия табысты жұмыс істеп жатыр.

Тағы бір айта кетерлігі, Ресейге салынған санкцияға барлық мемлекет қосылмағанын да ескеру керек. Оның үстіне Wildberries Украина мен Польшаның ғана санкциясына ілінген. Еуропа Одағы мен АҚШ-тың санкциялар тізімінде жоқ.

Wildberries қоймаларының Қазақстанда салынуына Кремльдің ықпалы болғанына сенбеймін. Себебі құрылыс ертеде басталды. Астанада былтыр басталғанда көргенбіз. Бұл жеке кәсіпкердің жобасына ұқсайды және Ресей қорғанысына керемет пайда әкеліп жатыр деп ойламаймын. Сырттан зат тасуға кішігірім пайдасы бар шығар, алайда дәл Wildberries бомба жасап жатқан жоқ, қару өндірмейді. Сондықтан Астана мен Алматыдағы қоймалардың салынуын бизнестің мүмкіндіктерін пайдалану деп есептеймін.

Сайт Әкімшілігі