Әмударияға талас: тәліптердің каналы немесе Орталық Азиядағы су тапшылығы
Осыдан біраз бұрын түркіменнің бас қаласында «Ашхабадтық үштік» деп аталатын саммит өткен.
Оған түркімен, өзбек және тәжік басшылары қатысты. Түркімен топырағына қазақ пен қырғыз президенттері шақырылмады. Неге? Әлде Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстанның Қазақстан мен Қырғызстансыз шешетін жеке мәселелері болды ма? Негізі солай сияқты. Әлбетте, саммит барысында экономикалық интеграция, мемлекетаралық барыс-келіс, алыс-беріс мәселелері тілге тиек етілгені анық. Бірақ басты мәселе басқа еді. Ол – су мәселесі. Өйткені Орталық Азиядағы ең ірі өзен Әмудария бастауын Памир тауларынан алып, төрт мемлекетті басып өтеді. Әмударияны еміп отырған үш елге төртінші елден қауіп төне бастады. Ол – Ауғанстан еді.
Бұл елде тәліптер билікке келгелі ішкі-сыртқы саясатта үлкен өзгерістер болып жатыр. Әсіресе оларға дейінгі заңды билік иелері көршілерімен жасаған келсімдердің көбі бұзылды. Тіпті су мәселесінде де тәліптер өз дегенін істей бастады. Соның бірі – Әмудария өзенін жартылай байлап алуға тырысып жатқаны. Құны 684 миллион доллар болатын ұзындығы 250 шақырым, ені 100 метрлік Кош Тепа каналын қазуды бастап кетті. Алып құрылыс 2028 жылы аяқталуы тиіс. Демек, дарияның жартысынан көп суын ауғандар бұрып алмақ. Сонда төменгі ағыста отырған Өзбекстанмен Түркіменстан қайтпек? Ол елдің диқандары да осы сумен жан бағып отыр емес пе? Міне, үш мемлекеттің басшысы жиналып Ашхабадта осы мәселені талқыға салды десе де болады. Өйткені тәліптерді тәртіпке шақырмаса, алдағы уақытта өзбек пен түркімен сусыз қалары хақ. Тәліптермен тіл табысу оңай емес. Өткен мамыр айында ғана тәліптермен Иран арасында суға байланысты қанды қақтығыс туып кете жаздап зорға басылған. Дүрбелең ауған мен иран жұрты қатар игіліктеніп отырған Гильменд өзеніне байланысты туындады. Қақтығыста екі жақтан жиырмаға тарта адам шейіт болды. Соншалық адам жараланды. Дегенмен Иран басшылығы сабыр сақтап, екі ел 1973 жылы өзен суын тең құқылы пайдалану туралы шартқа қол қойғанын, сол құжаттағы келісімді сақтауды талап етті. Иранның оңай жау емес екенін, әскери әлеуеті мығым мемлекет екенін мойындады ма, тәліптер көнген сыңай танытқан. Ал тәжік пен өзбек және түркімен тәліптер үшін қауқарлы қарсылас емес. Содан болар орта жолда Әмударияны байлап алғалы жатқаны. Демек, тәжік Рахмон, өзбек Мирзиеев, түркімен Бердімұхамедовты күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған осы дария суы. Ауғаннан төнетін қауіп. Үштік саммитте осы мәселе кеңінен талқыланғаны анық. Бір қызығы дәл Ашхабад саммиті өтіп жатқанда, бір кездері тәліптерді террорлық топқа жатқызған Қазақстан Астанада қазақ-ауған экономикалық форумын өткізді. Осыдан-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің Ауғанстанға байланысты ұстанымдары әртүрлі екенін байқауға болады. Қазақстан Ауғанстан арқылы Пәкістанмен Үндістанға, Оңтүстік Азия мен Таяу Шығысқа шыққысы келеді. Ал Тәжікстан мен Өзбекстан һәм Түркімения шекаралас болғандықтан, ауған жағынан төнетін қауіпке, соның ішінде су мәселесіне көбірек алаңдайды.
Суға байланысты жанжалдар тумас үшін Орталық Азия елдері трансшекаралық өзендердің мәртебесін қайтадан қаруы тиіс дегенді айтады саясаттанушы Ерасыл Ислам. «Мәселен, 1992 жылы Алматыда Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендерді бірігіп басқару, пайдалану һәм қорғау жөнінде келісімшарт жасалды. Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтті. Талай нәрсе өзгерді. Қазір сол шартты қайта қарап, бүгінгі күннің талабына сай етіп құрылымдау керек. Әлбетте, Орталық Азиядағы судың 60 пайызы Тәжікстаннан, 20 пайызы Қырғыздан келетіні белгілі. Бірақ су басында отырған екі ел үстемдік жүргізуі тиіс емес. Жалпы қазақ пен қырғыз, тәжік пен қырғыз және өзбек пен тәжік арасында бірнеше мәрте суға байланысты дау-жанжал болды. Адам шығындары да жоқ емес. Тіпті өзбектің бұрынғы президенті Ислам Каримов «Орта Азияда су үшін соғыс болуы мүмкін» дегені бар. Су тапшылығы ұлғайған сайын жанжалдың да көлемі кеңейе берері анық. Қазір ауғандардың Әмудария суын бұрып алмақ болып жатқаны да болашақта болуы мүмкін үлкен бір қақтығыстың басы деп есептей берген жөн. Сондықтан осы аймақта жатқан мемлекеттер қайта бір жиналып, трансшекаралық өзендердің мәселесін тағы бір мәрте қарап, жаңа келісімдер жасағаны жөн. Бұған тек Орталық Азиялық бес республика емес, Ауғанстан, Иран, Қытай және Ресей де қатысқаны жөн. Өйткені аймақтағы трансшекаралық өзендер барлығына қатысты» дейді саясаттанушы.
Алдағы қыркүйекте тәжіктің бас қаласы Душанбеде Орталық Азия мемлекеттерінің саммиті болмақ. Мемлекет басшылары бас қосатын алқалы жиында өзге дүниелермен қатар өңірдегі су мәселесі талқыға салына ма? Су тапшылығынан туындайтын қақтығыстардың алдын алу тетіктері тілге тиек етіле ме? Әзірге белгісіз.