Сараптама

Ананың орнын робот баса ма?

Жарты ғасыр бұрын баланы жасанды жолмен ұрықтандырып, дүниеге алып келуге болады десе, ешкім сенбес еді.

Фото: ЖИ / Жас алаш

 Десе де, 50 жылда ел жаңарып, бұл тәсіл медицинада кеңінен қолданыла бастады. Қазір бұл ғылыми жаңалыққа деген көзқарас та түбегейлі өзгерді. Қазақстанның өзінде 30 жылдың ішінде жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы 40 мыңға жуық бала дүниеге келген екен. Ал әлем бойынша бұл көрсеткіш 17 миллионға жетіп жығылады. Репродуктология саласындағы ізденіс мұнымен тоқтамайтыны анық. Ендігі жерде ғалымдар адамзат үшін бұрынғыдан да күрделі сұрақтың жауабын іздеуге кірісті. Баланы анасының құрсағынан тыс 9 ай арнайы жасанды жатырда дамытып, дүниеге алып келуге болады деген жаңалықтың шет жағасы айтыла бастады.

Егер бұл жаңалық ғылыми тұрғыда толық зерттеліп, жүзеге асса, әйелдер тоғыз ай бойы бала көтеріп, толғатпайтын болады. Қазірдің өзінде өздігінен бала көтере алмайтын жұптар «суррогат ананың» қызметіне жүгінуде. Дегенмен Суррогат ананың біз айтып отырған жасанды жатырдан айтарлықтай айырмашылығы бар. Денсаулығы бала көтеруге жарамайтын ерлі-зайыптылардың баласын өзге ана өз құрсағында 9 ай көтеріп, дүниеге әкеліп береді. Яғни бала көтеруге жарамды әйелдің жатырын жалға алады. Егер «жасанды жатыр» технологиясы дамитын болса, суррогат аналардың орнын роботтар, жатырға ұқсас арнайы биоинкубаторлар басуы мүмкін. Алайда технологияның мүмкіндігі артқан сайын оның адамзат алдындағы моральдық және әлеуметтік салдарына қатысты сұрақтар да көбейеді. Кей адамдар мұны ғылым мен медицинаның кезекті жетістігі ретінде қабылдаса, оған күмәнмен қарайтындар да табылады. Бұл жаңалық қалыпты жағдайға айналса, ең әуелі әйелдің қоғамда қалыптасқан дәстүрлі рөлі өзгеруі мүмкін. Дүниеге бала әкелу ана денсаулығын айтарлықтай өзгертетіні анық. Денсаулығы мен дене пішінін сақтағысы келген қыз-келіншектер жаппай «жасанды жатыр» қызметіне жүгінуі мүмкін. Сондықтан жасанды жатырдың болашағы тек ғылыми жаңалықпен өлшенбейді. Оның адам денсаулығына, отбасы институтына және жалпы қоғамға ықпалы да қатар зерттелуі тиіс. Әлеуметтік желіде қазірдің өзінде Қытайда «жасанды жатыр» технологиясы жүзеге асып жатыр деген ақпарат тарады. Алайда ол жердегі деректердің өзі нақты емес, мәліметтер әркелкі берілген.

2022 жылдың желтоқсанында YouTube платформасында жарияланған EctoLife атты бейнеролик жасанды жатыр тақырыбын жұртшылыққа кеңінен танытты. Көпшілік үшін ғылыми фантастикаға ұқсайтын видеода баланың ана құрсағынан тыс дамуына мүмкіндік беретін болашақ технологиясы көрсетіледі. Эктогенез деп аталатын бұл ұғымның мәні – ұрықтың ана құрсағынан тыс арнайы жасанды ортада жетілуі. Бейнероликте осындай технологияға негізделген алып орталықтың бейнесі ұсынылған. Онда ұрық арнайы мөлдір капсулаларда өсіп, бір уақытта 30 мыңға дейін сәбидің дамуына жағдай жасалатыны көрсетіледі. Әрине, EctoLife – бүгінгі күні жұмыс істеп тұрған медициналық орталық емес, болашақ технологияның мүмкіндігін көркем түрде бейнелеген жоба ғана. Дегенмен бұл бейнероликтің көпшілік назарын аударуының өзі жасанды жатыр тақырыбының адамзат үшін қаншалықты маңызды әрі даулы мәселеге айналып келе жатқанын аңғартады.

«Эктогенез» терминін ғылымда алғаш рет 1923 жылы британдық ғалым Джон Бердон Сандерсон Холдейн қолданған. Ол болашақта адамдардың жасанды жатырда дамуы қалыпты жағдайға айналатынын болжап, мұндай технология адам эволюциясын басқару мақсатында да пайдаланылуы мүмкін деген пікір айтқан. Ғылым ол кезде мұндай мүмкіндікке дайын болмағанымен, кейінгі жүз жылда репродуктивті технологиялар айтарлықтай дамыды.

«Жасанды жатыр» технологиясы жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы мүмкін. Дегенмен оның адам денсаулығына әсері мен қауіпсіздігі де назардан тыс қалмауы керек. Осы мәселенің мән-жайын білу үшін Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының «Ана мен бала» бағыты бойынша директорының орынбасары, акушер-гинеколог Гүлжахан Жұмадуллаевамен тілдестік. Маманның айтуынша, медицина үнемі дамып, жаңа технологиялармен толығып келеді. Алайда соған қарап, жақын уақытта «робот ана болады» деп айтуға әлі ерте.

– Медицина саласындағы технологиялар күн сайын дамып келеді. Болашақта жүктілік пен босану кезеңдерін роботтар мен жасанды интеллект атқаруы мүмкін деген болжам бар. Маман ретінде медицинаның осындай технологиялық болашағына көзқарасыңыз қандай?

Медицинадағы технологиялық дамуды қолдаймын. Бүгінде жасанды интеллект диагностикада, зерттеу нәтижелерін талдауда, операцияларды жоспарлауда және емдеу тактикасын таңдауға көмектесетін құрал ретінде қолданылып келеді. Бұл бағыт алдағы уақытта да дами беретіні анық.Бірақ жүктілік пен босану – тек медициналық процедура емес, ол өте күрделі физиологиялық процесс. Әр әйелдің жүктілігі әртүрлі өтеді, кейде жағдай бірнеше минуттың ішінде өзгеруі мүмкін. Сондықтан мұндай кезеңдерде технология дәрігердің тәжірибесі мен шешім қабылдау қабілетін толық алмастыра алмайды.Менің ойымша, болашақта роботтар мен жасанды интеллект дәрігерге көбірек көмектесетін болады. Бірақ соңғы шешім мен жауапкершілік медицина маманында болады.

Қазірдің өзінде баланы жасанды жатырға салып, оны 9 ай ана құрсағынан тыс дамытатын технология ойластырылып жатыр екен. Бірақ бұл нақты факт емес, тек ғылыми болжам. Болашақта баланы анасы емес, роботтар дүниеге алып келуі мүмкін бе?

Бұл бағытта ғылыми-зерттеулер жүргізіліп жатыр, бірақ бүгінгі таңда адам баласын ұрық кезеңінен бастап толық 9 ай бойы жасанды жатырда дамыту технологиясы клиникалық тәжірибеге енгізілген жоқ.Ал қазіргі зерттеулердің негізгі мақсаты жатырдан тыс өмір сүруге әлі толық дайын емес, өте шала туған нәрестелердің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін жағдай жасау. Бұл жағынан келгенде, жасанды жатыр технологиясының әлеуеті өте жоғары.Ал баланы толық жүктілік кезеңінде жасанды ортада дамыту мәселесі әлдеқайда күрделі. Жүктілік кезінде ана мен бала арасында өте күрделі биологиялық байланыс орнайды. Сондықтан «робот ана болады» деп айту бүгінгі ғылым деңгейінде асығыс болжам.

Егер болашақта жасанды жатыр технологиясы сәтті зерттеліп, қолданысқа енсе, ол ана мен бала денсаулығына қалай әсер етеді? Баланың ана жатырынан шықпауы қорқынышты емес пе?

Мұндай технология енгізілсе, оның қауіпсіздігіне мән беру керек. Ең алдымен, «біз баланың қалыпты дамуына қажетті жағдайлардың барлығын толық қамтамасыз ете аламыз ба?» деген сұраққа жауап бергеніміз жөн.Ана құрсағында ұрық тек қоректеніп қана қоймайды. Ана ағзасымен гормондық, иммунологиялық және басқа да өте күрделі байланыстар қалыптасады. Оның бала дамуына әсер ететін тұстары әлі де толық зерттеліп біткен жоқ.Сондықтан жасанды жатырдың ұзақ мерзімді әсері баланың физикалық дамуына ғана емес, кейінгі денсаулығына, жүйке жүйесінің қалыптасуына және басқа да көрсеткіштерге әсері мұқият зерттелуі тиіс.Ал ананың жүктіліктен толықтай тыс қалуы мәселесіне тек технология тұрғысынан қарауға болмайды. Мұнда медициналық қауіпсіздікпен қатар этикалық, психологиялық және құқықтық сұрақтар да бар. Сондықтан мұндай технология пайда болған күннің өзінде оны қолдану қатаң медициналық көрсеткіштермен және нақты ережелермен реттелуі керек.

Жасанды жатыр технологиясы ең алдымен шала туған нәрестелерді аман алып қалу үшін қолданылады дегенді айтып қалдыңыз. Яғни әйелдердің табиғи жүктілігін алмастырудың жолы емес қой?

Қазіргі ғылыми-зерттеулердің ең маңызды әрі нақты медициналық мақсатының бірі – шала туған нәрестелердің өмірін сақтап қалу.Мерзімінен бұрын туған балалардың ағзалары, әсіресе өкпесі, жүйке жүйесі және басқа да мүшелері толық жетілмеген болады. Қазіргі таңда медицина мұндай балаларды заманауи реанимациялық технологиялардың көмегімен аман алып қалуға мүмкіндік береді. «Жасанды жатыр» технологиясы осы мүмкіндікті одан әрі дамыта алса, оның медицина үшін маңызы зор.Сондықтан мен жасанды жатырды, ең алдымен, табиғи жүктілікті алмастыратын технология ретінде емес, белгілі бір медициналық жағдайда ана құрсағында дамуын жалғастыра алмай қалған нәрестеге өмір сүруге мүмкіндік беретін қосымша технология ретінде қарастырған дұрыс деп есептеймін.Мұнда басты мақсат – технологияның өзін енгізу емес, ана мен баланың денсаулығын және өмірін сақтап қалу.

Әңгімелескен Маржан Сәбет

Сайт Әкімшілігі